Әкімдердің кабинеті 15 шаршы метрден аспауы керек

316
Фото: Azh.kz

Мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің мамандары үш ауылдық округ әкімінің кабинеттерінің аумағы бекітілген нормалардан асып түскенін анықтады. Нәтижесінде үш әкім басқа жұмыс орнына көшірілді

Ведомствоның баспасөз хатшысы Айнұр Сәдуақасованың хабарлауынша, бұл фактілер Аққулы ауданында «Адал жол – честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон барысында анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Аудандық мемлекеттік аппарат қызметімен танысу барысында үш ауылдық округ әкімі кабинеттерінің аумағы ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген нормалардан асып түскені анықталды. Мысалы, Жамбыл ауылдық округінің әкімі — 70,7 шаршы метр, Ямышев ауылдық округінің әкімі – 62,4 шаршы метрді алып жатыр. Ал норма бойынша 15 шаршы метр болуы тиіс. Нәтижесінде Аққулы ауданының басшылығына әкімдер отырған кабинеттерді қайта қарастыру ұсынылып, 120 шаршы метр алаң босатылды», — дейді Айнұр Сәдуақасова.

Айта кетейік, «Адал жол – честный путь» марафоны үстіміздегі жылдың наурызынан басталды. Аққулы – тексеріс жүргізілген соңғы аудан. Оның толық қорытындылары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық күрес күні қарсаңында шығарылмақ.