Қазақстан мұнай өндіруден жан басына шаққанда Ресей, Иран, АҚШ-ты басып озды. Елде әр адамға шаққанда шикізат көлемі 4,7 тонна, яғни, шамамен 34 баррельді құрайды. «LS» порталы ірі мұнай өндіруші елдердің қара алтынды өндіру көлемі мен экспортын салыстырды, деп хабарлайды astanatv.kz.
Сараптамаға сүйенсек, экспорттаушы алып алты елдің арасында Сауд Арабиясы көш басында. Ал, Біріккен Араб Әмірліктері жан басына шаққандағы шикізат үлесінен алда тұр. Ол-18 тонна, яғни, 122 баррельді құрайды. Алайда, БАӘ-де небәрі 10 миллионға жуық адам тұрады. Халық саны бойынша рейтингтегі алты елдің ішінде ең төменгі орында. Сондықтан, әр адамға шаққандағы мұнай үлесі сәйкесінше көп болмақ.
Енді экспортталатын мұнай көлемін салыстырсақ, Қазақстанда қара алтынның әр адамға үлесі 3,7 тонна. Ал, Ресей тізімде біздің елден кейін тұр. Жалпы, 147 млн-ға жуық ресейліктердің әрқайсысына 1,7 тонна мұнайдан келеді. Айта кетейік, Қазақстан жылына 490 млн баррель мұнай экспорттайды. Ал, Ресейде бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары деңгейде. Олар бір жылда 2 млрд баррельдей «Қара алтынды» сыртқа саудалайды.