Кг, ампер, кельвин және моль. Аталған төрт өлшем бірлігінің анықтамалары келесі жылдан бастап өзгеретін болды. Бүгін Францияның Версаль қаласында өткен Өлшемдер мен таразылар бойынша 26-шы бас конференция жиналысында осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық өлшемдер мен таразылар бюросының халықаралық қатынастар офицері Шыңғыс Қуанбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл жаңалықты метрология ғылымындағы үлкен жетістік деп атаған болатын. «Бүгін — тарихи шешім қабылданатын маңызды күн. Версальда бүкіл әлемнің ғалымдары жиналып, соған куә болмақ. Өйткені өлшем бірліктерінің халықаралық жүйесін — International System of Units (SI) қарастырудың нәтижесі бойынша маңызды шешім қабылданады. Бұл шара BIPM-нің YouTube-тегі арнасы арқылы тікелей эфирде өтеді», — деген еді Ш.Қуанбаев. Сонымен, аталған конференцияға 60-тан астам мемлекеттен ғалымдар қатысып, метрикалық жүйенің өзгеруін қолдады. Килограмм, ампер, кельвин және моль өлшемдерінің анықтамасы өзгертіле отырып, халықаралық бірліктер жүйесіне (СИ) қайта анықтама берілді. Шешім қолдау тапқандықтан, өзгерістер 2019 жылдың 20 мамырынан бастап күшіне енеді. Бұл шешім СИ бойынша барлық бірліктерді анықтау табиғат құбылыстарын сипаттайтын физикалық шамаға негізделетінін білдіреді. Ал ол өз кезегінде болашақта СИ тұрақтылығына кепіл болып, кванттық технологияларды қоса алғанда жаңа технологияларды қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар аталған шешім өлшем бірліктерін анықтау үшін физикалық объектілерді қолдануды болдырмайды. Осылайша Франциядағы Өлшемдер мен таразылар бойынша Халықаралық бюрода 1889 жылдан бері қолданылып келе жатқан килограмм эталоны ауыстырылды. Мәселен, кг қазіргі таңда вакуумдық ыдыста орналасқан платина-иридийлік қорытпадан жасалған цилиндр салмағы ретінде анықталса, жаңа эталонға Киббл теңгерімі деп аталатын аспап негіз ретінде алынуы мүмкін. Ол электр магнитті өріс көмегімен теңдестірілетін және эталон мәндерін нақтырақ анықтауға мүмкіндік беретін «таразы» түріндегі аспап. Мұндай өзгерістің оң тұсы — қауіпсіздіктің күшейе түсетіндігімен байланыстырылуда. Себебі тіпті бұл эталон жойылғанның өзінде нақтылықты өлшеу мүмкіндігі бәрібір де қалады. Сонымен бірге, ол адамзатқа өрескел өлшемдерден бас тартып, ғалам шын мәнінде қалай жұмыс істесе, соған жақындай түсуге мүмкіндік береді.