Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумда қол жеткізген жетістіктер сараланды. Қоңсы қонған қос елдің арасында соңғы 1 жарым жылдың ішінде тауар айналымы 2 миллард долларға жеткен. Бұрынғыға қарағанда 30 пайызға артқандығын көрсетеді.
Алдағы міндеттер де межеленді. 2020 жылға дейінгі көзделіп отырған жоспар 5 миллард доллар. Аталған форумға еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан және Өзбек елінен жалпы саны 500-ден астам делагат қатысты.
Форум аясында өңіраралық және трансшекаралық инвестициялар көлемін ұлғайту, өзара саудадағы кедергілерді жою, құқықтық базаны жетілдіру, туризмді дамыту жайы талқыланды. Екі ел арасында бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылып, меморандум түзілді. Қазақстан мен Өзбекстан алдағы уақытта визаларды өзара тану режимі туралы келісімге келу жайын қарастыруда.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары: «Қазақстан және Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық бұдан ары да нығая түспек. Туристік салаға басымдық берудеміз. Экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларымыз көп».
Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп, автомобиль тасымалы саласында кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Көрші отырған екі ел арасында тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылық өнімдерінің айналымы еселене түскен. Қазақстан Өзбекстанға электровоз, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары мен теміржол рельстерін жеткізуді жоспарлап отыр.
Ачилбай Раматов,Өзбекстан Республикасы Премьер- министрінің бірінші орынбасары: «Өз еліміздегі өнеркәсіптің әлеуетін ескере отырып, біз ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті бірқатар салаларды бірлесе дамытуға мүмкіндік барын байқап отырмыз. Ол сұранысқа ие химия, мұнай-химия, фармацевтика, тамақ өндірісі, қайта өңдеу секілді салалардағы жобалар. Бұл бағытта бірлесіп жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол».
Форумның пленарлық отырысы аяғында 13 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде ынтымақтастықты нығайту, автомобиль өнеркәсібі мен логистика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бар. 10 миллион доллар көлеміндегі 2 инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. Екі жоба да ауқымды. Бірі полипропилен өндірісі болса, екіншісі – кальций карбонатын өндіру болып табылады. Екеуіне де қазақстандық инвестиция құйылатын болады.
Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 64 ортақ кәсіпорын тіркелген. Бүгінде олардың тең жартысы табысты жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта қос тарап мақта кластерін дамытуды қолға алмақ. Жақын келешекке жоспарланған жоба көп. Олардың барлығы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Гүлжан Көшерова