4 пәнді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің жалақысы жоғарылады

673

Шымкентте екі тілде сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы көбейіп жатыр. Дәлірегі, Елбасымыздың бекіткен білім реформасына сай, пән мұғалімдері өзіне тиесілі сабақтарды қазақ-орыс қана емес, енді ағылшын тілінде де өтуге көшкен. Осындай мүмкіндіктерді меңгеріп, жалақысы артқан педагогтардың жай-күйімен біз де танысып қайттық.

Қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия. Білім саласындағы оңды өзгерістерді білім ұясы жатсынған жоқ, ә-дегеннен-ақ, жаңа оқу жылынан бастап, жаратылыстану бағытындағы пәндерді қазақ қана емес, ағылшын тілінде де өтуге көшкен. Оқушылар өз кезегінде жаңа жобаның жүгін жасырмай айтып берді.

Нұрай Бердалы, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы: «Маған бұл пәндерді ағылшынша өту қиындық тудырған жоқ. Десе де, химияда аздап шаршап қаламыз. Ал физикада әзірге терминдерді ағылшын тілінде жаттап жатырмыз.  Ал есептерді баяғыдай шығарып, оны да мейлінше шет тілінде дауыстап оқуға және шешуге тырысып жатқан жәйіміз бар. Түсінбеген тұстарымызға мұғалімдеріміз көмектесуде».

Жаңа жүйе педагог пен оқушыларға салмақ салмауы үшін олар ішінара сабақ арасында  сергіту жаттығуларын жасайды екен. Осылайша мектептегі жаратылыстану бағытындағы — физика, информатика, химия-биология пәнінің мұғалімдері қазір қызу жұмысқа кіріскенін байқадық.

Белсенділік танытып, оқушыларды қос тілде білімге баулып, тырысып-ақ жатыр. Саладағы тәжірибесі небәрі 6 жылдан асқан физика пәнінің мұғалімі Олжас Пердеев қазіргі сабақ жоспары мен кестесіндегі бағыты мен бағдарын бағамдап, тиісті талаптарын тізбектеп берді.

Олжас Пердеев, физика пәнінің мұғалімі: «Әзірге сәлемдесуді және сабақта кім бар-кім жоқтығын түгендеуді ағылшын тілінде сөйлеп, түсіндіріп жатырмыз. Сондай-ақ, сабақ кестесі мен күндік жоспарды, термин сөздерді де сол тілде жаттап, меңгеруге көшті. Біздің бұл тұрғыда бекіткен жоспарымыз да жоқ емес. Яғни, бірінші тоқсанды — 25, екінші тоқсанда — 50, үшіншіде — 75, төртінші тоқсанда — 90 пайыз ағылшын тіліне көшуіміз керек. Талап солай болғандықтан, тырысып-ақ жатырмыз».

Қаламыздағы №65 мектеп-гимназияда бүгінде 187 мұғалім бар болса, оның ондағаны ағылшын тілін меңгеріп, тілді өзіне тиесілі пәнде сәтті жүзеге асырып жатыр. Мектеп директорының айтуынша, тиісінше талапқа сай жұмыс жасаған бұл педагогтардың жалақысы да жоғарылаған.

Қатира Кәдірбаева, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектептің директоры: «Мұғалімдеріміз ағылшын тілін арнайы оқу орындарына барып меңгеруде. Бұл үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы да қаралған. Түрлі деңгейлер негізінде мектептегі 10 мұғалім ағылшын тілін оқып-жетілдірді. Алдағы күндері тағы да 9 педагог осы жобаға жұмылдырылады. Бұл жаратылыстану пәні негізінде қос тілде сабақ беріп жүрген мұғалімдердің барлығының жалақысына үстемақы ретінде 35 мың теңге қосылған. Және қанша сыныпқа сабақ өтсе де, бұл қаржы өзгеріссіз қалады».

Айта өтейік, бүгінде үшінші мегаполисте барлығы 147 мектеп бар. Онда 16 325 педагог жұмыс жасайды. Ал екі тілде сабақ беретін мұғалімдер саны әзірге — 775-ке жеткен. Шымкент қалалық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, жыл соңына дейін ағылшын тілін меңгеріп, тиісті пәндерін қос тілде өтетін педагогтар саны 950-ге артады.

Мөлдір Бекеева