Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Өзбекстанның 52 азаматы қаза болған автобустағы өртке кінәлілерге қатысты үкім шықты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz. Үкімді судья Серік Махамбетов оқыды.
Үш жүргізуші сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тасымалдаушы компанияның құрылтайшысы Нұрлыбек Телепбаев пен тасымалдаушы компанияның механигі Бахадүр Пердебаев 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Нұржан Қырғызбаев, Барат Танатов пен Мақсат Пернебеков Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі, 345-баптың 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылсын. 7 жылға адам тасымалдау мен көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылсын, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын», — деп оқыды үкімді судья.
«Бахадүр Пердебаев Қылмыстық кодекстің 348-бабының 4-бөлігі бойынша айыпты деп танылсын. 5 жылға көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеруге қатысты қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Нұрлыбек Телепбаев Қылмыстық кодекстің 254-бабы, 348-баптың 4-бөлігі және 385-баптың 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылсын. 5 жылға адам тасымалдау қызметімен айналысу құқығынан айырылсын, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын», — деді судья Махамбетов.
Мұның алдында Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотында Өзбекстанның 52 азаматы қаза болған автобустың өртеніп кету дерегі бойынша сот отырысы басталғаны хабарланған еді.
Еске салайық, биыл қаңтар айында Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Ikarus маркалы автобустың 18 қаңтарда сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара — Шымкент тасжолының 1068 шақырымында Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде өртенгені айтылған еді.
Автобустың ішінде 55 жолаушы және екі жүргізуші болған. Оның бесеуі автобустан шығып үлгерген. Кейін оқиға орнынан түсірілген видео мен фотосуретер жарияланды.