«AgriTek Shymkent- 2018» ауыл шаруашылығы көрмесі өтуде

764

«Нұрсәт» шағынауданындағы Көрме орталығында «AgriTek Shymkent- 2018» — 7-ші халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтуде. Орталықтың алаңшасы бір мезетте технопаркке айналған. Мұнда  алпауыт техникадан бастап  тракторлар мен соқаға дейін бар.

Бүгінде  агросектор  жақсы дамып келе жатқан сала, сондықтан да озық технологияларды пайдаланған шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер  замануи техникаға да қызығады.

Ғалым Жақыпов,  Отандық кәсіпорындарда шығарылған тракторларды тасымалдаумен айналысатын компанияның өкілі: «Тракторларға сұраныс жоғары. Отандық техника Семейде жасалынады. Ал оның тіркемесі Көкшетауда шығарылады. Тапсырыс ірі шаруашылықтардан да, ұсақ шаруашылықтардан да түсуде».

Көрмеге  келгендер ауыл шаруашылығы саласындағы жаңашылдықтармен танысып қана қоймай, кәсіби мамандармен  байланыстар орнатуға  мүмкіндік алды. Тамшылатып суғару әдісінен бастап, көшеттерді дұрыс отырғызу, тыңайтқыштарды  мерзімінде  пайдалану сияқты кеңестерге қанықты.

Сәкен Әбдиев, «Пионер» ЖШС-нің өкілі: «Біз ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеміз. Жақында қарқынды баумен айналыса бастадық. Нәтиже жаман емес. Осындай көрмелерге қатысып, жаңа технологиялар, құрал жабдықтар, техникалар жайында толық мәлімет аламыз. Бұл керемет мүмкіндік, бір  алаңда барлық қызмет түрі топтастырылған».

Естеріңізге сала кетейік,  «AgriTek Shymkent- 2018» — 7-ші халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесінің жұмысын 23-ші қарашаға дейін жалғасады.

Шынар Оразова