Атаулы әлеуметтік көмек алғандар кәсіппен айналысады. Отырар ауданында мемлекеттен қолдау көргендердің бірі мал асыраса, енді бірі құс шаруашылығын қолға алған. Ал біздің кейіпкер кондитерлік дүкен ашып, түрлі тосаптар мен салаттарды әзірлеп саудаға шығарып отыр.
Алты баланың анасы Виктория қысы-жазы тынбайды. Түрлі жеміс-жидек, көкөністерді қайнатып, бірінен тіл үйірер тосап әзірлесе, енді бірінен салаттар жасап, қыстың қамын жасайды. Виктория «мен осы шаруамен айналысқалы ауылдың қыз-келіншектері банка жабуды қойды» деп әзілдейді. 400 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған көп балалы отбасы кондитерлік өнімдер де сатып, отбасын асырап отыр. Жыл аяғына дейін олар тағы осынша көлемде қаржылай көмек алады екен.
Виктория Вржещь, Отырар ауданының тұрғыны: «Мемлекеттен алған ақшамызға пеш, ұн алдық. Алдағы уақытта жаңа ғимарат соғып, кәсібімізді кеңейтсек деген ойымыз бар. Ол кезде ешкімге жалдау ақысын төлемейтін едік. Табысымыз молаяр еді».
Ағымдағы жылдың басынан беріле бастаған жаңаша форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті Отырар ауданында 642 отбасы алыпты. 207 млн. теңгенің қаржылай көмегін алған жергілікті халық қазір түрлі бизнесті түлетіп, күнкөрісін жақсартып отыр.
Мұхит Амангелді, Отырар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры: «Көбісі мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Бірі уақ мал алып, бірі мал бордақылаумен айналысып жатыр. Құс шаруашылығын қолға алғандар да бар. Еңбекке қабілетті 600 азаматты жұмыспен қамтыдық».
Айта кетейік, облыста биыл 30 мыңнан аса отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген.Түрлі көлемде қаржылай көмек алған 2 жарым мыңнан аса азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, 23 мыңнан аса еңбекке қабылетті азамат түрлі жұмыс орындарына орналасыпты.
Мұхит Отаршиев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басақармасының басшысы: «Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз төлемдер түрінде жүзеге асырылады. Шартты ақшалай көмекті 27 мыңнан аса отбасына, шартсыз ақшалай көмекпен 3300 отбасы қамтамасыз етіліп отыр».
Салаға жауаптылар қазір жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек жергілікті халықты кедейлік құрсауынан құтқарып, тұрмысын түзеуіне сеп болуда деп сендіреді.
Мақпал Рысбаева