Батыс Қазақстан облысынан келген делегаттар Сайрам Ауданындағы бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Қонақтардың алғашқы аялдаған нысаны Қарабұлақ ауылындағы жаңадан бой көтерген мал базары болды. Аталған нысан 2 мыңнан 5 мың басқа дейін төрт түлікті қабылдауға қауқарлы. Жылқыға, қара малға, уақ малға арналған орынжайлар қарастырылған.
Келушілер үшін асхана, автотұрақ жайлары да орналастырылған. Қонақтар сондай-ақ бірнеше ұсақ шаруашылықтың басын қосқан «Ет Агро» қожалығының жұмысымен де танысты. Бұл қожалықтың өз мал сою бекеті мен бордақылау алаңшасы бар. Жем-шөп сақтайтын қоймасы да орныққан.
Еліміздің батысынан келген қонақтар «Қайып ата» ЖШС-ның мал сою бекетіне де ат басын тіреді. Аталған бекет бүгінде Иран, Ресей, Өзбекстан елдерімен тығыз байланыс орнатқан. Мал сою құрылғылары да заман талабына сай.