ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ.Тұрсынбаев брифинг өткізді. Брифинг барысында Ғалым Тұрсынбаев Елбасы Жолдауына сәйкес, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік қызмет көрсетуді 90% электронды жүйеге көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
Бүгінде электронды үкіметті (E-gov) іске қосу, электронды-цифрлық қолтаңбалар мен ХҚКО арқылы қызметтер ұсыну, бейнекамераларды кең ауқымды пайдалану, Smart City жобасы және тұтастай алғанда көптеген басқа салаларды цифрландыру елдегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендететіні сөзсіз.
Бұл тұрғыда Түркістан облысында қызмет көрсетуде қызметшілер мен азаматтардың арасында тікелей қатынасты жою үшін қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы және электронды түрде алу портал арқылы алуларын қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Электрондық қызметтерді алуды дәріптеу, электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алу тәсілдері мен дағдыларын үйрету үшін мемлекеттік және білім саласы қызметкерлеріне мастер-кластар өткізіліп, ақпараттық бейне және анимациялық роликтер таратылды.
Айта кету керек, өңірімізде 300-ден аса мемлекеттік қызметтер көрсетілсе, оның қазіргі кездегі электронды түрде көрсетілу үлесі 82 пайыздан астам.
Бүгінде, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат құрудың басты амалы — адамның өзінің баруын қажетсінбейтін қызметтерді толық электрондық форматқа көшіру.
Соның бір айғағы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда бүгін колледж студенттеріне қызмет көрсету орталығы ашылып отырғанын тілге тиек етті.
Жиын соңында Департамент басшысы алдағы уақытта «Цифрлы Қазақстан» аясында атқарып жатқан осы игі істеріміз барынша жұртшылық тарапынан жалғасын тауып, мемлекеттік қызметтер барынша электрондық форматқа көшірілетінін айтып қорытындылады.