Дәрігерлер перзентханада өлі туылған нәресте жайлы мәлімдеме жасады

810
Baq.kz

Түркістан облысының дәрігерлері Келес ауданындағы перзентханада өлі туылған нәрестенің жағдайы бойынша мәлімдеме жасады. 27 қазан күні сағат 14:00 шамасында аудандық аурухананың перзентхана бөліміне түскен.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі «Аяғы ауыр әйелден тиісті сараптамалар алынған. Араға уақыт салып, сағат 17:30 шамасында дәрігер тексеруі кезінде ұрықтың жүрек соғысы жоқтығы анықталады. Жүкті әйелді босандыру уақытын қысқарту мақсатында дәрігерлер шұғыл түрде қосымша дәрі — дәрмектердің көмегіне жүгінген. Сағат 20:00 шамасында әйел өлі нәресте босанған. Шақалақтың кіндігі мойнына екі рет оралып туылған. Бұл оқиғаға қатысты шұғыл тексеру жұмыстары жүргізілуде».

Еске салайық, БАҚ-да Түркістан облысында нәрестенің дүниеге келер сәтте жүрегі тоқтап қалғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Нұржамал Қонысбайдың баласы неліктен өлі туылғанына дәрігерлер мардымды жауап айта алмаған деп хабарлайды Qamshy.kz.

Мадина Әбдеттің (келіншектің қайын апасы) айтуынша, өлі туылған сәбидің денсаулығын дәрігерлер тоғыз ай бойы жақсы деп бағалаған. Нұржамал Қонысбай перзентханаға қабылданған сәтте бала тірі болған, яғни жүрегі соғып тұрған. Абай ауылындағы ауруханада босанған келіншектің туыстары «баланың өлі туғаны дәрігерлердің салғырттығынан» деген ойда.

«Нұржамал тоғыз ай бойы дәрігерлерге уақытылы қаралды. Ешқандай ақау таппады. Перзентханаға қабылдап алғанда да келініміздің жағдайы жақсы болатын. Аурухана қызметкерлері оны 2018 жылдың 27 қазанында сағат 14.00-де қабылдап алды. 17:00-де Нұржамалдың жанына серіктес ретінде кірдім. Сол уақытта бізге баланың жүрегі соқпай тұрғанын айтты. «Кардиологқа көрініп, УДЗ-ге түсейік» десек, екі дәрігер де орнында жоқ. УДЗ маманына хабарласса, телефонмен «Бармаймын» деп айқайлады. Ол дәрігерді екі сағат күтуге мәжбүр болдық. Дәрігерлер «Кесарь тілігін жасайық. Бала мүмкін тірі шығар» дейді. Өздері де білмейді», — дейді Мадина Әбдет.

Айта кетейік, 20 жастағы Нұржамал Қонысбайдың бұл тұңғыш перзенті. Сондықтан ол кесарь тілігіне келіспеген. Өзі босануға шешім қабылдаған жас келіншек кешкі сағат 20:00-де өлі сәбиді дүниеге алып келеді.

Мадина Әбдеттің айтуынша, дәрігерлер сәбидің жақындарына нақты жауап қайтармай, тек «Ондай жағдайлар болып тұрады» деп айтқан.

Лаура Нақыпқызы