Этнос жастары «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына белсене қатысуда

571

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «Мен қазақша сөйлеймін» жалпы республикалық акциясы өтуде.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді, түрлі этнос жастары арасында қазақша сөйлеу мәдениетін арттыруды және қазақстандық бірегейлікті нығайтуды көздейтін акцияға Шымкент қалаласындағы этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанатының мүшелері белсене қатысуда. Қоғамдық орындарда акцияның символикасы бар үнпарақтар, ақпараттық флаерлер таратып, халық көп жиналатын орындарда акциялар ұйымдастыруда.

Белсенді жастар бүгін Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» субұрқағы жанында «Мен қазақша сөйлеймін» тақырыбында қазақша мақал-мәтел айтудан сайыс өткізді. Оған қатысқан 30-ға жуық жастар Отан, тіл, достық, бірілік тақырыптарында мақал-мәтел және билеріміздің даналық сөздерін айтудан сынға түсті.

Нәтижесінде қалалық түрік этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының мүшесі Феруза Карипова мен Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің студенті Евко Виктор қатарластарынан оқ бойы озып шығып, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Қазақ тілін мектепте достарымнан үйрендім. Ықылас қойып кіріссеңіз тілді меңгерудің қиындығы жоқ. Ал, мемлекеттік тілді білу – барша қазақстандықтардың міндеті әрі, өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Сондықтан, қазақ тілінде өтетін байқауларға жиі қатысамын. Осы арқылы қазақ тілінде сөйлеу мәдениетімді дамытуды көздеймін. Қазіргі таңда қазақтың отыздан астам мақал-мәтелдерін жатқа білемін. Алдағы уақытта қазақ ойшылдарының даналық сөздерін жаттамақпын, — дейді байқауда белсенділік танытқан Евко Виктор.

Іс-шара соңында жастар Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы дайындаған жүзден аса үнпарақтарды қала тұрғындарына таратты. Айта кету керек, 29 қазаннан бастау алған акция қаламызда қараша айының соңына дейін жалғасын табады.