Шымкент қаласы тұрғынының көлігі эвакуаторға тиелуде. Екі жыл қатарынан көлік салығын төлемеген азаматқа қатысты Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бұйрық шығарған. Құжатқа сәйкес, міндетті төлемдерді өтемеген азаматқа осылайша шара көрілуде.
Талғат Көбеев, көлік жүргізушісі: «2016-2017 жылдарға көлік салығын төлемеген едім. Қарыздың сомасы 400 мың теңгеден асады. Көлігімді айыппұл тұрағына алып барады. Мерзімінде төлеуге жағдайым болмады. Енді төлеп, көлігімді шығарып аламын».
Джипті айыппұл тұрағынан шығарып алу үшін иесі көлік салығын қарызымен қоса және айыппұл тұрағында тұрған көлігі үшін әр күніне төлем төлейді.
«Тойота Камридің» иесінің көлік салығына 65 мың теңге қарызы бар екен. Мерзімінде қамданбаған тұрғынның көліксіз жүруіне тура келеді. Нөмірі шешілген темір тұлпар эвакуатормен айыппұл тұрағына жеткізіледі. Салық төлеуші қарызын өтегенше көлік сонда болады.
Олжас Олжатаев, жеке сот орындаушысы: «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 9 — бабына сәйкес, бізге атқарушылық іс жүргізу үшін құжат түсті. Бірнеше ескертулерден кейін Д.Е. көлік салығын төлемегендіктен, жиналып қалған қарызды өтеу үшін мекен-жайы бойынша келдік. Берешегі барлардың екінші деңгейлі банктегі есеп шоттары, мүліктері бұғауланады. Қарыздың көлемі 20 АЕК жоғары болса, шетелге шығуға шектеу қойылады».
Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының берген мәліметі бойынша ауданда 47 729 көлік тіркелген. Олардың 598-інің қозғалтқышы 4 куб. құрайтын қымбат көліктер.
Сәбит Темірәлиев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Еңбекші ауданы бойынша 8,5 мың азаматтың қарызы бар. Жалпы қарыздың көлемі 220 млн. теңге. 2 мыңнан астам салық төлеушіге бұйрық шыққан. Тез арада төлемесе, өсім қосыла береді».
Естеріңізге сала кетейік, егерде алдыңғы жылдары салықты төлемеген азаматтарға қатысты сот шешім шығарса, жаңа Салық Кодексі бойынша берешекті өтеу бойынша бұйрықты мемлекеттік кірістер басқармалары шығарады.
Шынар Оразова