Сайрам ауданының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері өсіп келеді. Биыл 31 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда ауыл шаруашылығынан бөлек, жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздар саны да азайып келеді. Өнімі сұранысқа ие өндіріс орындары да көп.
Орынбек Үсенов кабельді электр сымдарын шығаратын зауытта оператор болып жұмыс істейді. Міндеті автоматтандырылған өндірісте сымдардың шарғыға оралғанын бақылап, толғанда ауыстырып тұру.
Орынбек Үсенов, оператор: «Таңертеңгі ауысымға түстім. Тапсырыс келген. Оны ертең түске дейін орындап шығуымыз керек. Ақбай ауылында тұрамын. Сегіз жыл болды осы зауытта жұмыс істегеніме. Айлығымызды уақытылы аламыз. Қыста, жазда тұрақты жұмыспен қамтылғанбыз. Тапсырыста көптеп түсуде».
Кабельді электр сымдарын шығаруға қажетті шикізатты зауыт «Қазақмыс» және Шымкенттегі кәсіпорынға жеткізеді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның қуаттылығы жылына 7 мың 200 метр сым шығару. Ағымдағы жылдың басынан мұнда 2 жарым мың метр өнім өндірілген. Тапсырыс бүгінде құрылысы қарқын алған облыс орталығы Түркістаннан да көптеп түсуде.
Сырым Панов, технолог: «Тапсырыс жеткілікті. Өнімдерімізді Қазақстандағы өңірлерге ТМД елдерінен Өзбекстан Қырғызстан, Түркіменстанға жіберіп жатырмыз. Болашақта өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашпақпыз».
Арнайы затпен қапталған кабельді электр сымдары жер астында пайдаланылады. Суыққа, ылғалға төзімді болғандықтан сұраныс жоғары. Қаптаманы механикалық зақымнан, тоттанудан қорғау үшін қорғауыш жамылғымен орайды. Бронды қабат ретінде қалыңдығы. 0,3 – 0,8 мм болат лента пайдаланылады.
Шынар Оразова