2018 жылы қыркүйек айының басында Сайрам ауданындағы ойынханалардың бірінің иесі полиция бөлімшесіне келіп арызданады. Арызданушы түнгі уақытта 9 компьютерлік техникасының белгісіз тұлғалардың ұрлағандығын хабарлайды.
Бір апта өткеннен соң, мектеп директоры полицияға келіп, мектеп ғимаратының кабинетінен 7 ноутбуктың жоғалғандығын айтады. Осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188 «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі.
Аталмыш қылмысты ашу үшін полиция басқармасының бүкіл құрамы жұмылдырылады. Криминалды полицияның қызметкерлері мен учаскелік инспекторлер аталмыш ұрлық қылмыстарын ашу мақсатында керекті барлық іс-шараларды қолданады. Нәтижесінде, полицейлер қылмыскерлерді кезекті ұрлықтарының үстінде ұстайды. Ұрылар 19 қараша күні түнгі уақытта жергілікті мектептегі кабинеттің бірінен 13 компьютер мен 2 сканерді қолды еткен.
Ал, 20 қараша күні Сайрам аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде осы ұрлыққа қатысы бар екі күдікті ұсталады. Екеуі де бұрын сотты болған, Шымкент қаласының жергілікті тұрғындары болып шықты. Оған қоса, яғни ұрланған заттарды сатып алушы Түркістан облысының тұрғыны да тұтқындалады. Қазіргі уақытта қылмыстық топтың бөтен мүлікті ұрлаудың 5 жайты мен автокөлік ұрлаудың 2 қылмыстық жайтына қатысы бары дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 5 миллион теңгені құрайды. Аталмыш жайт бойынша ҚР ҚК-тің 188 «ұрлық» және 200 «автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары күдіктілердің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы бар болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды.