Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерей тойының үшінші күні ұлтымыздың ұлттық ойыны – көкпарға ұласты. Мақтааралдың 90 жылдығына арналған бұл көкпарда салым 90 мың теңгеден бастау алып, салым сайын өсіп отырды.
Аталмыш шараға ҚР Көкпар федерациясының президенті, Мырзашөл топырағының түлегі Мұхтархан Ділдәбеков те арнайы қатысып, шабандоздарға сәттілік тілеп, мерекелерімен құттықтады.
Шара барысында аудан әкімі Бақыт Асанов сөз бастап, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының төрағасы Бауыржан Оңғарбаев мырза қостап, өз атынан Мұхтархан Ділдәбековке, Жарқынбек Қанаевқа және де көкпарға үлкен үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдіріп, Батыр рухы қолдап, қорғап жүрсін деген ниетпен, кеуделеріне «Алпамыс батыр» төсбелгісін тағып, марапаттады.
Даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Бірақ, екі Олимпиада ойындарында бақ сынаған, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азиялық ойындарының жеңімпазы, ХІV Азиялық ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған атақты боксшының үлкен спортқа дейін додабұзар көкпаршы болғанын екінің бірі біле бермейді.
Міне, бокс жанкүйерлері мен көкпар жанкүйерлеріне аты мәшһүр болып келген Мұхтархан Ділдабеков енді Республикалық көкпар федерациясының президенті болып тағайындалды. Жұдырығы гүрзідей Мұхтархан Ділдәбеков шаршы алаңда ұзақ жыл атой салып, қазақ ұлтының мерейін өсірді.
Енді еліміздің көкпар тізгінін қолға алған Мұхтарханға ұлттық өнеріміздің беделін арттырып, командалық көкпар ойынын әлемдік деңгейге көтереді деген сенім артылып отыр. Бұған дейін өзі қадам басқан саласында табандылық танытып келген Мұхтархан Ділдәбеков ел сенімінің үдесінен шыға білген азаматтың бірі.