Қаз ХТИ түлегі

Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі — М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға биыл — 75 жыл. Академиялық білім беруді мұрат еткен ғылым мен білімнің «қара шаңырағы» мерейтойды бір емес, үш күн атап өтуді жоспарлапты.

Той болғанда да, мән-мағынасы жоғары, ғалымдар басқосуы, жаңа орталықтардың, зертхананың ашылуы, студенттерге қызмет көрсету орны, ғылым мен білім саласындағы келелі тұстар сөз болатын конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған жиын болғалы тұр.

Мерекенің алғашқы күні еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары кеңесінің көшпелі отырысынан басталды. Білім ордасының  мерейтойын ұжым толағай жетістіктермен қарсы алуда. Білікті мамандарды даярлау бағытында студенттерге еуроталаптарға сай білім бағдарламалары бойынша дәріс беріледі. Университет ұжымы теорияны тәжірибемен ұштастыру, ғылыми жаңашылдықтарды кеңінен қолдану бағытындағы жан-жақты жұмыстарымен мақтана алады.

Дария Қожамжарова

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:» Бүгін — тарихи оқиға. Университетіміздің 75 жылдық мерейтойымен  бірге  академик Сұлтан Сүлейменовтың 90 жылдығын атап өтудеміз. Ерекше атап өтетін жәйт, Қазақстанның ЖОО ректорлары Кеңесінің көшпелі  мәжілісі  алғашқы рет осы ОҚМУ-дің қабырғасмында өтуде. Жастарға сапалы қолжетімді білім беру бағытында жұмыс атқарудамыз. Жоспарымызда  университеттің  Өзбекстандағы  ЖОО өкілдігін ашу. Ынтымақтастық қарым қатынасты нығайту жөнінде  әріптестерімізбен меморандум түземіз».

Қазақстандағы ЖОО ректорлары Кеңесінің көшпелі мәжілісі ОҚМУ-да өтті

Кеңес жиынына қатысушылар «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету. Тұжырымдамалық мәселелер мен стратегиялар» тақырыбында пікір алмасты. Бұл ретте профессорлар, академиктер, жалпы оқытушылар қауымының айтары баршылық. Өзара ой бөлісуде жаңа идеялардың туындайтыны сөзсіз.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры: » ЖОО-дарына еркіндік беру керек. Ол білім ордасының дәріс беру, ғылыми жұмыстарды жүргізу, тәжірибе өткізу сияқты бағыттарда  өзіне тән  үлгісі болады. Ректорлар кеңесінде  сол  жетістікке  жеткен  ЖОО тәжірибесін өзге білім ордаларында енгізуге  тырысамыз. Білім, ғылымда  шекара жоқ, кеңестікте барлығы тең».

Іргетасы соғыс жылдары, яғни 1943 жылы қаланған оқу орны 1995 жылға дейін «Шымкент қазақ химия-технологиялық инстиуты» деген атауымен елге танылды. Техникалық мамандықтар бойынша кадр дайындаған оқу ордасының түлектері бүгінде еліміздің түрлі салаларында, алыс-жақын шетелдерде еңбек етуде. Отандық кәсіпорындарды дамытуға атсалысып жатқандары қаншама?!

Мұқаш Искандеров, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры: «Мен КазХТИ-дің түлегімін.

Мұқаш Искандеров

Инженер мамандығы бойынша жұмыс  істедім. Қазір «Қазфосфат» серіктегінің бас директорымын. Біздің өндіріске  қажетті білікті мамандарды Қазақстандағы ЖОО , ОҚМУ-де де даярлайды. Білім ордасының 42 түлегі осында жұмыс атқаратынын атап өткім келеді. 300 адамды кәсіпорынның есебінен ЖОО-да оқытып жатырмыз. Мерейтой аясында, осы «қара шаңырақтан» зертхана ашамыз. Онда студенттер өндірістік тәжірибе өтіп, жұмыс істеуге дайындалады. Тағы бір жаңашылдық — дуалды оқу жүйесін енгізу. Ол  арқылы студенттер   таңдаған мамандығының қыр- сырына қанығады.  Мүмкіндікті пайдаланып ОҚМУ ұжымын, студенттерді мерейтоймен құттықтаймын.»

Мереке аясында «қара шаңырақты» 1959-1974 жылдары аралығында басқарған академик Сұлтан Сүлейменовтың 90 жылдығына арналған ғылыми тәжірибелік конференция да ұйымдастырылыпты. 15 жылда Сұлтан Тәшірбайұлы институттың материалдық техникалық базасын нығайтып, кеңейтуге сүбелі үлесі қосып, еңбегін сіңірді. Сол жылдары бас корпус, «А «, «Б «оқу-зертханалық корпустары және 1780 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Сұлтан Сүлейменовтың бастамасымен 1964 жылы білім ордасы «Қазақ химия-технологиялық институты» деп аталды. Және сол жылы институттың жеке аспирантурасы ашылды.

1995 жылдан бері заңғар жазушы Мұхтар Әуезов есімін алған ОҚМУ-нің алар белестері алда. Мұнда жаңалық та көп. Білім ордасын 75 жылдық мерейтойымен құттықтауға арнайы келген Орта Азияның 11 жоғары оқу орындарының ректорлары университеттің 3-қабатында ашылған «Студенттерге арналған қызмет көрсету орталығымен» танысты. Осы мерейтойлы бағдарлама аясында университетте «Мұхтартану» орталығы да ашылмақ. Ауқымды шаралар үш күнге созылады деп жоспарланып отыр.

Шынар Оразова