Мектеп психологы – тәрбиеші емес

3033

Соңғы кезде мектеп оқушыларының арасында өзара зорлық-зомбылық, әлімжеттік оқиғалары туралы көп естиміз. Бәріміз болмаса да біразымыз мұны мектеп психологы және оқушы арасындағы жұмыстың реттелмеуімен де байланыстырып, бар кінәні мектепке артамыз. Шын мәнісінде мектепте психолог аз. Бір мектеп психологына 1000 баладан келеді. Бұған мектеп психологына артылған қосымша жүктемелерді қосыңыз. Содан-ақ психолог жұмысының неліктен кемшін түсіп жатқанына себеп те табылады. Мектеп психологтарының бұл тұрғыда айтатын өз уәждері бар. Баламен жұмыс жасауға еш жағдай жоқ. Тіпті біліктілігін арттыру үшін қолдау да қарастырылмаған, жалақы мардымсыз. Сонымен…

Мектеп психологы: оқушы және ата-ана көзімен
Аяжан Қанатқызы – 9 сынып оқушысы. Айтуынша, бастауыш сыныпты бітіретін жылы мектеп психологтары сабақтарына жиі қатысып, оқушылармен жұмыс істеген. Сөйлесіпті. Ой-пікірін ашық жеткізуге үгіттейтін ойындар ойнатып, жаттығулар жасатқан.

Аяжан Қанатқызы, оқушы:
– Мектеп психологымыздың есімі – Әсия. Өте мейірімді апай. Мен де, басқа оқушылар да қатты жақсы көреміз. Әр апта сайын бізден тест алады. Сұрақтары өте қызық. Шынайы жауап береміз. Өйткені аты-жөніміз жазылмайды, бірақ сонда да кімнің қандай жауаптар жазғанын біліп отырады. Жаңа сауалнамаларын күтіп отырамыз. Ал тоқсан соңында бақылау жұмысын алады. Тіпті, жеке сөйлескің келгенде, өз кабинетіне шақырып, сені тыңдайды.

Аяжанның анасы Жанар да қызының мектептегі психологын жақсы танитынын айтады. Өйткені, психолог ата-аналар жиналысының ешқайсысынан қалмайды. Әрбір бала туралы жеке-жеке тоқталып, портретін жасап береді екен.

Жанар Есенбекова, ата-ана:
– Қызымның мектеп-психологын бастауыш сыныптан бері танимын. Өз жұмысын жақсы біледі. Жиналысқа барған сайын баламның тәртібі, мінез-құлқы жайлы айтып отырады. Қажет кезде үйге келіп, баламыздың жүріс-тұрысын, бізбен қарым-қатынасын бақылап кетеді. Өз пікірін айтып, кеңес береді.
Ал Алма Байзақова 5 сыныпта оқиды. Бірақ әлі күнге дейін мектеп психологын көрмепті. Тіпті, сондай маман мектепте бар ма, жоқ па, бейхабар.
Перизат Ерболдың да айтары осы. Оның сөзінше мектеп психологы сыныптағы барлық баламен бірдей жұмыс істемейді екен. Тек, әлеуметтік жағдайы төмен немесе толыққанды емес отбасынан шыққан балаларды ғана жеке-жеке өз кабинетіне шақыртып, соларға көңіл бөледі. «Сыныптағы оқушылардың басын қосып, ештеңе жасаған емеспіз» деген Перизаттың сөзін оның анасы Алмагүл да қостайды. Алмагүл де қызы оқитын мектепте білім алған. Ол жоғары сыныпта оқып жүргенінде мектеп психологы қызметін бастауыш сыныптың мұғалімі қосымша жұмыс ретінде атқарған екен.

Алмагүл, ата-ана:
– Қызымның мектеп психологын танимын. Өйткені ол кісі мен мектепте оқып жүргенімде бастауыш сыныпқа сабақ беретін еді. Содан кейін біліктілігін арттырып, қосымша мектеп психологы болып та жұмыс істеді. Бұл әрине, оның сағат санын, алатын ақысының көлемін ұлғайтты деуге болады. Ол кісінің қалай жұмыс істеп жатқаны жайлы бұған дейін ештеңе естімегенмін. Бірақ, менің ойымша, психолог деген сол саланың маманы болуы керек. Бір мұғалім бірнеше қызметті алып жүре беретін болса, «Аққу, шортан, һәм шаян» сияқты жан-жаққа тартып, соңында еш нәтиже болмайды. Өзіңіз ойлаңызшы, ол қазір кішкентай бүлдіршіндердің оқу бағдарламасын ойлайды ма, әлде психологтың жүктемесімен отырады ма? Психолог оқушының көзқарасын, қимылын, бәрін-бәрін жеке-жеке зерттеу керек. Ол мұны қашан байқап, зерттеп үлгіреді? Менің үш балам да бір мектепте оқиды. Екі балам мейлі, бірақ үлкен қызым 5-сыныпқа барады. Бірақ әлгі күнге дейін мектеп-психологы бірде-бір мектеп жиналысына қатыспады. Түрін көрген емеспін. Қызымнан сұрасам, мектеп психологы жайлы білмейді де. «Қызым «психолог бізге сабақ өту керек па?» деп менен сұрайды.
Байқағанымыздай, мектеп психологтары туралы ата-ананың ойлары екіге жарылды. Бірінің мектеп психологына көңілі толса, енді бірінің оның жұмысына көңілі толмайды. Жалпы мектеп психологының қызметіне не кіреді? Олар баламен жеке-жеке жұмыс істеуге міндетті ме? Осы сұрақтарға жауап алу үшін мектеп психологымен тілдестік. Бір айта кетері, «біз мектеп психологы» деп жүрген қызметкерлерді «педагог-психологтар» деп атайды екен.

Мектеп психологының еңбегі елеусіз
№23 мектеп-лицейінің педагог-психологы Динара Тойлыбаеваның айтуынша, педагог-психологтарға артылатын жүктеме көп. Мектеп психологы оқушылармен, ата-анамен, мектеп әкімшілігімен және жас мамандармен жұмыс істейді. Оқушылармен жұмыстың өзі бірнеше бағытқа бөлінеді. Мысалы, дарынды балалармен, үлгерімі төмен оқушылармен, құқықбұзушылыққа бейім оқушылармен, яғни аутодеструктивті мінез-құлық байқалған топтармен жеке-жеке жұмыс істейді.
– Топтарды 1-сыныпқа келген оқушылар және 5-сыныпқа өткен оқушылар арасында зерттеу-зерделеу жұмыстарын өткізу арқылы анықтаймыз. Бұл қиындық туығызады,-дейді ол.
Өйткені, мектеп-психологтарына сондай топтарды анықтап, оларға көңіл бөлу үшін ешқандай мүмкіндік жоқ екен.

Динара Тойлыбаева, педагог-психолог:
– Біздің мектепте 2 мектеп психологы жұмыс істейді. Заң бойынша, бір психологқа 380 баладан келуі керек. Бізде болса, бір психологқа 3000 мың баладан келеді. Өйткені, мектеп-лицейде оқушылардың саны 5000-ға жуық. Мектеп-психологтарына балалармен жұмыс істеу үшін арнайы сағаттар бөлінбеген. Өкімет оқу бағдарламасының кестесінде біз үшін уақыт бөлмеген. Сондықтан сынып жетекшілеріне, мұғалімдерге жалынып жүріп, кейбір сабақтарының орнына балалармен жұмыс істеу үшін уақыт сұрап аламыз. Негізгі пәндерден уақыт сұрай алмаймыз. Өзін-өзін тану, сынып сағаттарынан сұраймыз. Негізі, талап бойынша мектеп психологтарына өңдеу жұмыстары үшін 3,5 сағат, практикалық жұмыстары үшін 3,5 сағат берілген. Бірақ біз күн сайын таңғы 9:00-ден кешке дейін жүреміз. Өйткені, барлық баланы қамтып, бәрімен жұмыс жасап үлгеруіміз керек. Соған қарамастан еңбегіміз еленбейді. Кез келген қаладағы мектеп психологының кабинетін қараңызшы. Әбіржіген бір қосалқы бөлмені кабинет қылып беріп қойған. Ол кабинетті оқушы сыртынан көріп, қашып кеткісі келеді. Әңгімелесу былай тұрсын. Жеке-жеке әңгімелесетін кабинет жоқ, топтық жұмыстар өткізетін орын жоқ. Баламен психологиялық жұмыс өткізу үшін қолайлы орта жасалып, отырған жері жанына тыныштық ұялату керек. Арнайы жабдықтар болуы тиіс. Ештеңе жоқ. Керек заттарды да өз қалтамыздан сатып аламыз. Бұдан қалса, қағазбен жұмыс істеуге көп уақытымыз кетеді. Ойлаңызшы, 1 сыныпта 40 оқушы, барлығы 17 параллель сынып бар. Соның барлығына диагностикалық жұмыс жасаған соң әрқайсысына жеке-жеке хаттама, мінездемелер толтырамыз. Жұмысымызды қағаз жүзінде істемесек, тексеріс келген кезде жұмыс істеп жатқаныңа сенбейді.

«Жалақымыз – 47 мың теңге»
Динара Тойлыбаева мектеп психологтарының тек сөз жүзінде ғана мұғалімге теңестірілетінін, «шын мәнісінде жалақымыз еден жуушыдан сәл ғана жоғары» деп ренішін білдірді.
– Мектеп психологтарының жағдайы өте нашар. Жүктемелерді үйіп тастады. Бірақ соны орындауға да мұрша бермейді ғой. Бір жерде іс-шара болса «массовка» ретінде мектеп психологын жібереді. «Барып кел, шауып келге» мектеп психологы жақсы. Тіпті мектептегі кезекшілікке дейін қойып қояды. Өз қызметімізге қатысы жоқ дүниелерге жұмсайды. «Жұмысың күте тұрады» деп айтады. Бірақ, екі бала төбелесіп қалса, бір-біріне боғауыз сөз айтса немесе заң бұзса, жауап беретін кім? Тағы да мектеп психологы. Құқық бұзған баланың тірлігімен күн-түн демей полиция бөлімшесінде бала мен ата-анасының жанында жүреді. Ақыры соңында психолог сөгіс алады, жұмыстан кетеді. «Балаға қатысты келеңсіз оқиғалардың барлығына мектеп психологы жауапты» деген ой қалыптасып қалған. Бұл дұрыс емес. Мен әрқашан айтамын да, білім басқармасындағыларға ойымды жеткізе де алмай жүрмін. Мектеп психологы – тәрбиеші емес! Біз балаға тәрбие бермейміз, «мынандай бол, мынандай боласың» деп міндеттемейміз. Біз тек бағыт-бағдар көрсететін кеңесшіміз. Сен былай істесең дұрыс, былай істесең бұрыс, деп қана айта аламыз. Баланың тәрбиесі бір басқа, психологиялық тұрғыда ауытқуы бір басқа. Тәрбиені алдымен отбасында алады. Кейін мұғалімдерінен алады. Тәрбиелік жұмыстармен айналысатын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары бар. Олар ешқашан кінәлі болмайды, сытылып кетеді. Біз балалардан бөлек, ата-аналармен де жұмыс жасаймыз. Жұмыс көп. Тағы бір жанға бататыны – жалақы мәселесі. Жалақы өте төмен, қосымша көмек ретіндегі қызметкерлердің жалақысын төлейді. Соңғы 5 жылдан бері біздің айлығымызды азайтып тастады. Бұрын мектеп мұғалімдерінің санаттары бойынша (ІІ, І, жоғарғы) алатын едік. Қазір толық 1-мөлшерлеменің өзі 47 мың теңге ғана. Мен өзім жоғары санатқа енді жеткенімде айлықты азайтып тастады. Сондықтан 27 жылдық тәжірибем бола тұра, жоғары санатты педагог-психолог болсам да 68 мың теңге ғана айлық аламын. Ең жанға батқаны Елбасы соңғы жолдауында «Мектеп психологтарының жұмысын күшейту керек» деді. Бірақ «оларға жағдай жасалсын» деп айтпады. Нәтиже сұрау үшін, ең алдымен жағдай жасау керек,-дейді Динара Тойлыбаева.

Осылай күйінген Динара мектеп психологтарына қажеттілік күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті. Соған сай мектеп психологтары да біліктіліктерін арттырып отыруы тиіс. Бірақ ешқандай тегін курстар жоқ екен.
– Біліміңді тереңдетіп, біліктілігіңді жоғарылатқың келсе кемінде 20 мың теңге төлеу керек. 47 мың жалақы алатын жандар үшін табысының тең жартысын курсқа жұмсау, әрине, өте қиын. Айта берсең, мәселе шаш етектен. Арнайы сағат бөлініп, аз да болса жағдай жасалса, кез келген психологтың балалармен жұмысы алға басатын еді,-дейді ол.

НЗМ психологтары қандай жалақы алады?
Жоғарыда айтқанымыз жалпы орта білім беретін мектептердегі жағжай. Осы орайда Елбасы мысалға келтірген Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологтары қалай жұмыс істейді? Сондай мектептің педагог-психологы Сәндігүл Байдуашованың айтуынша, жұмыс істеу принципі және жүктемелер жай мектептерде де, зияткерлік мектептерде де бір. Әйткенмен айырмашылықтар да бар.

Сәндігүл Байдуашова, ФМБ НЗМ педагог-психологы:
– Өте жақсы жағдай жасалған. Балаларға арналған тынығу бөлмесі бар. Толығымен жабдықталған. Әр баламен жеке жұмыс істеуге де мүмкіндік бар. Жалақымыз осы оқу жүйесіне қарайтын болғандықтан, жай мектептерге қарағанда жоғары деп айта аламын. Курстарға да мектеп тарапынан жібереді. Бірақ, менің ойымша, көп психологтар отбасын жұмыстан жоғары қояды да біліктіліктерін арттыруға ақшасын жұмсамайды. Ал бүгінде туындайтын мәселелер күн сайын жаңарып жатыр. Сондықтан біліктілікті арттыратын дәрістерге бару керек. Бұл балаға керек. Ал мектеп психологтары мектепте тек бала үшін жүргенін ұмытпауымыз шарт.
Сәндігүл жай мектептерге де зияткерлік мектептеріне де ортақ мәселелер барын айтады. Мысалы, арнайы сағаттардың бөлінбеуі НЗМ-да да бар екен. Бұған қоса бала бір жағдайға ұшыраса, бар жауапкершілікті мектеп психологтарына жүктеп қояды.
Жоғарыда пікір білдірген екі педагог-психолог та «мектептегі психолог штаты көбейсе екен» деп тілек білдірді.

1000 балаға 1 психолог
«Психолог штаты» демекші, бұл мәселе ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті де алаңдатқан-ау, шамасы. Жуырда еліміздің бас ұстазы ҚР Үкіметінің отырысында ірі қалаларда мектеп психолгтарының жетіспейтіні байқалатынын айтып, олардың осы және өзге де мәселелерін шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.
«Алматы мен Астана, Шымкент қалаларында бір психолог мыңнан астам баламен жұмыс істейді. Себебі қазір психолог бала санына емес, сынып санына қарай беріледі. Бір сыныпта 10-15 бала болса, ол қалыпты, ал үлкен қалаларда бір сыныпта 35-45 бала оқыса, бір психолог мың баламен жұмыс істеуіне тура келеді. Қазір тиісті өзгерістер енгізілуде, үлкен қалаларда қосымша психологтарды алу қажет болады. Сондықтан әкімдерге осы мәселеге ерекше назар аударуды сұраймыз», – деді ол.
Министр жалпы білім беру ұйымдарындағы психологтардың кәсіби деңгейі көңіл көншітпейтінін жеткізді. Сондықтан «алдағы уақытта Қазақстанда мектеп психологтарының кәсіби біліктілігін арттыру курстары жүреді және арнайы тестілеу арқылы олардың еңбекақылары көбейеді» деп уәде етті.
Шымкентте мектеп психологтарының жетіспеушілігін министрдің өзі айтып тұрғанда қалалық білім басқармасындағылар жоққа шығара алмайтыны рас.
Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, қалалық мектептердегі барлық педагог-психологтар «Білім фундейшн» қоғамдық қоры ұйымдастырған курстарда біліктіліктерін жетілдіріпті. 50 мектеп психологы Шымкент қаласындағы филиал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында, Астана қаласындағы ЖШС «Отбасылық тәрбиелеу институт» орталығында білімдерін жетілдірді, – дейді Данара Орынбекова.

Данара Орынбекова, Шымкент қалалық білім басқармасы ғылыми-әдістемелік орталықтың әдіскері:
– Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 131 мектеп бар. Қазіргі таңда бұл мектептерде барлығы 266 педагог-психологтар жұмыс атқаруда. Оның 46-сы – жоғары санатты, бірінші санатты – 44, екінші санатты – 86, ал 90 психолог – санатсыз, яғни жас мамандар. Әрбір педагог бес жылда бір рет білімі мен біліктіліктерін арттырып отыру керек. Біздің барлық психологтарымыз біліктіліктерін арттырды. Педагог-психологтар мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына және мұғалімдерге арналған психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік бағыттатағы қызметтерді жүзеге асырады. «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 Қаулысына сәйкес 1-2 психолог штат бірліктері ғана бар. Штат бірліктерінің саны сынып жинақтаушыларының санына байланысты. 30 және одан көп сынып болған жағдайда ғана 2 психолог маманын жұмысқа алуға болады. Яғни бала саны орта есеппен алғанда 750 ден 3000-ға дейін болса, әр мектепте 2 психолог маманы жұмыс істей алады.
Осы орайда өңірімізде мектеп психологтарын қайда қалай дайындайтыны туралы да білмек болып, қаламыздағы оқу орындарының бірінен хабар алдық.

Эльмира Оразбаева, ОҚМПУ Педагогика гуманитарлық факультетінің деканы:
– Болашақ педагог-психологтарды «Педагогика және психология» мамандығы бойынша оқытамыз. Күндізгі бөлімдегілер – 4 жыл, кешкі бөлімдегілер – 5 жыл оқиды. Бұл мамандық иегерлері оқуын аяқтаған соң мектеп психологы болып қызмет ете алады. Айта кететіні, осы мамандықты бітірген түлектеріміз 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Өйткені аудан-қалалардағы барлық мектептерге бұл мамандар керек. Бұл мамандыққа түсетін жастардың қатары аз емес.

ТҮЙІН: Мектеп психологтарының айтуынша, 5,6,7,8 сыныптарда баланың мінез-құлқы өзгереді. Өзіндік «мені» пайда болып, барлығын өз бетінше жасағысы келеді. Осы кезде бар салмақты педагог-психологқа артып қою дұрыс емес. Өйткені, үйдегі орта да баланың жеке тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан ата-ана мектеп психологына көмекші болуы керек екен. Яғни, бірлесіп, келеңсіз жағдайлардың алдын алу қажет.
Қадірменді ата-ана, ал сіз өз балаңызбен жұмыс істейтін мектеп психологын танисыз ба?

Әлия ӘДІЛБЕК

№42, 17 ҚАЗАН 2018 ж