Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полицейлердің қызметінде қандай өзгерістер болатынын айтты. Сенімді ақпаратты «Хабар» және kaz.tengrinews.kz таратып отыр.
Қасымовтың сөзінше, ішкі істер органдары қызметін жаңғырту тоғыз бағытты қамтиды.
Министр реформа аясында ІІМ басқарма буындары қысқаратынын айтты. Бүгінде бір басшының қоластында үш қызметкер бар.
Сондай-ақ, басқарма буындары қысқартылған соң 16 миллиард теңгенің босап қалуына байланысты ол қаражатты полицейлердің жалақысына қосу жоспарланып отырғаны айтылды.
Қалмұханбет Қасымов»Көшені патрульдейтін полиция сержантының айлығы — 75-80 мың теңге. Оның осы қызметте өткерген жылдары ескеріліп, яғни еңбек өтіліне байланысты жалақысы да өседі. Патрульдік полицияны толықтай офицерлік құрамға ауыстырғымыз келеді. Жалақысы шамамен 103 мың теңге болады. Әрине, бізге түскен қаражаттан бөлек үкімет бізге қосымша ақша бөледі. Нәтижесінде біз патрульдік полицейлердің жалақысын шамамен 65 пайызға өсіреміз», — деді ішкі істер министрі.
Қасымовтың айтуынша, алдағы уақытта тұрғын үй төлемақысы берілетін қызметкерлердің бөлек категориясы анықталады.
Еске сала кетейік, мұның алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев полицейлердің жалақысын өсіруді тапсырған болатын. «Полицейлердің еңбекақысын көтеру үшін қосымша 21,4 миллиард теңге бөлінеді. Мұның барлығы халықтың ақшасы. Салық төлеушілердің қаражатына полицияны, әскерді және соттарды асырап отырмыз. Сондықтан азаматтар құқық қорғау органдарының өз міндеттерін орындауын талап етіп отыр», — деген еді Мемлекет басшысы.