«Салауатты өмір салты үшін» акциясы Түркістанда жалғасын тапты

440

Ел көлемінде жарияланған «Салауатты өмір салты үшін» акциясы Түркістан қаласында да жалғасты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырған шарада 200-ден астам жерлесіміз санаулы сағаттарда өздеріне қажетті медициналық көмек түрлерін алды. Дәрігерлер кеңес беруден бөлек, акцияға қатысқандардан кіші зертханалық сынамалар да алды.

Түркістан қаласындағы сауда орталығында бұл күні келушілердің қатары әдеттегіден әлдеқайда көп болды. Олардың дені — сауда жасауға емес, дәрігерге көрінуге келгендер. Емханаға барып кезек күтпей-ақ, әрі жолдамасыз ақ халаттылардың қабылдауында болды. Солардың бірі — Қалима Бекмұрзаева. Азаматша бұл күні ойында жүрген төрт дәрігердің қабылдауында болды, қант мөлшерін де тексертіп алды.

Қалима Бекмұрзаева, Түркістан қаласының тұрғыны «Рахмет. Халықтың жағдайын жасап, кезекте тұрғызбай біздің жағдайымызды жасап жатқан соң, алғыстан басқа айтарымыз жоқ».

Сондай-ақ, осы шара аясында дәрігерлер түрлі жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлікті шыңдау дәрістерін өткізді. Жедел жәрдем қызметінде жүрген мамандар әр қимыл-әрекеттерін дәрігерлермен бірге көрсетті. Қай қызметтің тегін көрсетілуі тиіс екенін де түсіндірді.

Жалпы акция барысында дәрігерлердің қабылдауынан 200-ден астам тұрғын өтті. Олардың барлығы да ағзасындағы қант мөлшерін, холестерин және қан қысымын өлшетуге асықты. Жастар жағы ұйымдастырушылармен бірігіп «флешмоб» өткізді.

Лаура Мамырова