Бүгін кешкі сағат 20:20 шамасында Шымкент-Самара күре жолында, Арал қаласының маңында «Шымкент-Новосібір» бағытында қатынайтын Ресей Федерациясынан Өзбекстан Республикасына бара жатқан автобус аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автобус ішінде Ресейден қайтып келе жатқан 37 Өзбекстан азаматы болған. Зардап шеккендерге көмек көрсету және ауруханаға апару мақсатында Арал ауданының әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, арнайы қызметтердің 10 техникасы оқиға орнына шұғыл жетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың хабарлауынша, 2 адам ауруханаға жеткізілді, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. 1 жолаушы аудандық ауруханада ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. 17 жолаушы Арал ауданы әкімдігі қызметкерлерінің көмегімен жол бойындағы қонақүйге орналастырылды. Қалғандары өз бетінше Новосібір қаласына қайта жолға шыққан.