Субсидияға сенім жоқ. Қолдаудың осы түріне әбден үйреніп қалған шаруаларды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Бүгін Шымкентке іс-сапармен келген ел премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.
Қала активімен кездесуінде министр Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды тағы бір сүзгіден өткізіп, жергілікті атқамінерлерге жұмысты ширата түсуді тапсырып кетті.
Актив алдына жылы шыраймен кіріп келген Шөкеев мырза кездесуді ұзаққа созған жоқ. Бас-аяғы 1 сағат болған жиында алдымен Елбасының кезекті Жолдауындағы басым бағыттар екшелді. Министр реформаларға толы аграрлы саланың өзгерістерін ортаға салды. Айтуынша, бұдан былай шаруалар субсидияға сенім арта алмайды. Шаруалар енді тек жеңілдетілген несие алады.
Министрдің сөзіне сенсек, бұл әдіс әлден-ақ жемісін беруде. Керек-жарағын жеңілдетілген несие алып түгелдеуге көшкен шаруалардың биыл техникасы сақадай сай. Бұл көрсеткіш жылдағыдан 3 есеге артыпты.
Дегенмен, «қарыз деген — күліп барып, жылап қайтады». Осыны ескерген қоғам белсендісі онсыз да несиесін төлей алмай, тіпті «суицидке» дейін барған борышкерлердің жайын күйттеді.
Жаңа мегаполисте банк борышкерлерінің жайынан да басқа маңызды мәселелер жетерлік. Атқарылар істің алда екенін ескерткен ел премьер министірінің орынбасары тынбай еңбек етуді тапсырды. Шаһар басшысы мен оның командасына қаңқу сөз бен дүрдараздыққа бой алдырмай Елбасы тапсырмасын орындауға қызу кірісуді ескертті.
Мақпал Рысбаева