«Шалабайларға» шаттық сыйлады

559

500 грамм салмақпен туылған балалар өмірін құтқарған дәрігерлермен кездесуге келді. Шымкентте жылына мерзімінен бұрын 400 бала дүние есігін ашады. «Шалабайлардың» басым бөлігі ұл балалар. Бүгін дәрігерлер ерте туылған балалардың мерекесін думандата атап өтті. Мерекелік шараға айы-күні жетпей туылып, түрлі қиындықты артта қалдырған балдырғандар мен ата-аналары арнайы қатысты.

Бұл «шалабайлар» бірнеше жыл бұрын 500 грамм салмақпен туылған. Қазір есейіп, тәтті қылықтарымен ата-аналарын қуантуда. Халықаралық шала туылған балалардың бүгінгі мерекесі көптеген ата-аналар мен балалардың басын қосты. Тағдырлас балақайларға дәрігерлер би билетіп, түрлі сыйлықтар үлестіріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ангелина Гармаш, қала тұрғыны: «Мен де баламды мерзімінен бұрын босанғанмын. Салмағы 1 келі 200 грамм болып туылды. Өздігінен демала алмай, кувезде екі аптадай жатты. Ал қазір қолымда, жағдайы жақсы.»

№4 перинаталдық орталықта жылына 8000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Олардың 400-ге жуығы мерзімінен бұрын туылған балалар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, уақытына жетпей туылған шақалақтардың 86 пайызға жуығы аман қалады.

Инна Глазебная, «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бөлімінің басшысы: «Біз бұл мерекеде мерзімінен бұрын туылған балалар мен ата — аналарына қамқорлығымызды көрсеткіміз келеді. Олар қоғамдағы орнын тапса дейміз. Статистикалық мәліметтер бойынша жылына 15 миллион бала ерте туылады екен. «Шалабайлардың» өмірін сақтап қалу үшін медицинада технологиялар жаңарып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді».

Перзентхана қызметкерлері шала туылған нәрестелердің халықаралық күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Себебі осы перинеталдық орталықта көбіне «шалабайлар» дүние есігін ашады. Ал олардың өмірін аман сақтап қалып, дені сау етіп жетілдіру — ақ халаттылардың басты міндеті. Сондықтан бұл мерекенің дәрігерлер үшін маңызы зор.

Лаура Нақыпқызы