«Шаянға барсаң әншімін деме» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

620

 Бәйдібек ауданының 90 жылдығы аясында «Шаянға барсаң әншімін деме» облыстық ән байқауы өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Өнер додасының мақсаты — ән өнерін дамыту, жас талант иелерін іздеу, жастар арасында сазгерлік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашу. Жастарды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және патриоттық тақырыпта халық арасына, өнер сүйер қауымға кеңінен насихаттау.

Шараны Бәйдібек ауданының әкімі Танагөзов Бақытбек Төленұлы құттықтау сөзбен ашып берді.

«Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Шаянға барсаң әншімін деме» деп баға берген өнер мен мәдениеттің ордасы Бәйдібек ауданынан қаншама әнші-сазгерлер қанат қаққаны баршаға белгілі. Құрылғанына 90 жыл толған Бәйдібек ауданы әлеуметтік, экономикалық жағымен ғана емес руханияты мен мәдениеті арқылы да өз орнын ерекшеледі. Тарлан таланттар мен дара дарын иелерінің дана жолын жаңа буын да жалғастырарына сенім мол. Баршаңызды, аударуымыздың айтулы жылымен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әрбір шаңырақтан береке, қуаныш арылмасын!», деді аудан басшысы.

Төртінші рет ұйымдастырылған облыстық өнер додасына ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сәбира Әбдірайымова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, опера әншісі Талғат Күзенбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмағанбетов, сазгер-әнші жарылқасын Дәулетов қазылық етті.

Байқауға өңіріміздің аудан, қалаларынан 19 үміткер қатысып, Отан, туған жер, бейбітшілік, халықтар достығы, ел бірлігі туралы тәуелсіздік жылдары жазылған патриоттық әндер мен Бәйдібек ауданынан шыққан сазгерлердің шығармасын орындады.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Бәйдібек ауданынан «Қостұра» дуэті ие болса, бірінші орын Шымкент қаласынан келген «Самұрық» триосына берілді. Екінші орынмен Алматы қаласынан келген «RAYYAN» тобы марапатталса, үшінші орынға Шардара қаласынан Ақмарал Үсенқызы және Кентау қаласынан Айжан Тұрсынбекқызы ие болды. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Шымкент қаласының әншісі Қарлығаш Айтмаханбет, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Отырар ауданынан Ұлжалғас Әбілдахан, «Ең жас әнші» номинациясымен бәйдібектік Мади Сатман марапатталды. Барша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар және аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.