Шымкент әкімі қаланың ішінен «Манхэттен» салып жатыр

334

Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген Ғабидолла Әбдірахымов алда атқарылатын жұмыстар жобасын таныстыру барысында осылай деді, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Шымкент — сити» — біздің басты жобамыз. Ол біздің Манхэттен деуге болады. Онда көпқабатты үйлер салынып жатыр, ортасында үлкен саябақ болады. Айналасында өзге де ғимараттар. Бұл қалашық Шымкенттің болашағы, жастардың мекені деп айта айта аламын. Дегенмен біз тек қаланың жаңа аумағын емес, ескі қалашықты да назардан тыс қалдырмаймыз» деген Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің ескі қалашығындағы цитадель жобасы еліміздің ешбір қаласында жоқтығын айтты.

«Осы аумақта Лондондағы гайд-парк секілді үлкен саябақ бой көтермек. Ал ескі қалашық аймағынан ағып өтетін Қошқар ата Сеулдегі қаланың ортасында орналасқан танымал өзенді елестететін болады»,- деді әкім.

Тағы бір жаңалық, Шымкентте алып аквапарк салынбақ және ол қала климатының жылылығына орай жылдың 3-4 айында алаңсыз жүзуге мүмкіндік бермек. Одан өзге қалада Диснейленд бой көтеретін болды. Оның ішінде хоббиттер елдімекенін де салу жоспарланып отыр.