Шымкент пен Түркістанда салық мөлшерлері өзгереді

400
baq.kz

Шымкент пен Түркістан қалаларында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгертілген салық мөлшерлері күшіне енеді. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Парламент Мәжілісіне ұсынылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік аумақтық құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды baq.kz.

«Заң жобасымен ҚР 40 Заңы мен 11 Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар көзделген. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылуына байланысты «республикалық маңызы бар қала» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар» сөздеріне ауыстыру ұсынылады. Заң жобасынша Шымкент және Түркістан қалаларына қатысты салық мөлшерлерін өзгерту үшін ҚР Салық Кодексіне өзгертулер енгізу көзделген», — деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Ол өзгертілген салық мөлшерлерін бірден емес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни өтпелі кезеңнен күшіне енгізу ұсынылатынын айтты.

«Бұдан басқа Түркістан облысы әкімшілік орталығының көшірілуіне байланысты Түркістан қалалық әкімшілігіне жататын 12 ауылдық округ Кентау қаласына жатқызылды. Тиісінше аталған ауылдық округтерге экологиялық үстемені сақтап қалу үшін Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік қорғау туралы ҚР заңына түзетулер енгізіледі. Заң жобасын қабылдау әлеуметтік қамсыздандыруға және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Шымкент қалаы мен Түркістан облысындағы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», — деп айтты вице-министр.