Шымкентте 7 жасар оқушы қызды жүк көлігі қағып өлтірді

Бүгін, Шымкенттегі Гагарин көшесінің бойында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы орын алды. 7 жасар оқушыны жүк көлігі қағып кетті. Жеткіншек оқиға орнында тіл тартпай, көз жұмды.

Қайғылы оқиға түскі сағат, 15-тер шамасында тіркелген. «Рено» маркалы жүк көлігін жас жігіт басқарған. Ал жеткіншек жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған. Мектептен үйіне келе жатқан көрінеді.

Перзентінің денесін көрген анасына да дәрігерлердің көмегі қажет болды. Ал қыз бала — отбасындағы үш перзенттің бірі екен. Жол-көлік оқиғасы болған жерге жүргізушінің де туыстары келді. Шымкент қалалық полиция департаментінің жол-көлік апатын тергейтін анықтаушылары шұғыл түрде жұмысына кірісті. Тәртіп сақшыларына оқиғаның қалай болғанын 1992 жылы туған жүргізушінің өзі түсіндіріп берді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл — жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп жатқан оқушыны қағу бойынша тіркелген алғашқы жағдай емес. Оқу жылы басталғалы Шымкентте мұндай деректердің он шақтысы тіркелді.