Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай Шымкентте «Бауырлас ел» деректі фильмінің салтанатты тұсау кесері өтті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың идеясымен түсірілген фильмде түбі бір туысқан қазақ-өзбек халықтарының қарым – қатынасы, тамыры тереңде жатқан байланыстардың тәуелсіздік жылдарындағы жаңа деңгейі баяндалды.
Зауытбек Тұрысбеков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары: «Өзбек, қазақ бауырлас ел. Бабаларымыз «өзбек өз ағам» деген. Мінекей, осы екі жылды екі мемлекеттің басшылары «Өзбекстанның Қазақстандағы жылдары» деп белгіледі. «Бауырлас ел» деректі фильмі осыдан он жыл бұрын жарыққа шыққан «Мәңгі достық» фильмінің жалғасы. Жаңа фильмде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің кездесулерінде қол жеткізілген келісім, бауырлас елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа кезеңі көрсетілді.
Бауырлас елдің бірлігін паш еткен дүниені көрермендер жылы қабылдады. Салтанатты жиынның қонағы Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев да өз пікірін білдірді: «Бауырлас ел фильмі үшін қазақ халқына, Зауытбек Қауысбекұлына алғысымыз шексіз. Екі ел арасындағы қарым -қатынасты нығайту барысында мемлекеттеріміздің басшыларының атқарған еңбегі, татулығы жарасқан халқымыздың қолдауы фильмде жақсы көрініс тапты. Осы құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз, азаматтық борышымыз. Ел тыныштығы, бейбіт өмір үшін қызмет жасаймыз. Биыл Қазақстанда Өзбекстан жылының жоғары деңгейде аталып өтілуі де біз үшін мәртебе, құрмет. Қазақ халқына, Елбасына алғысымыз шексіз».
Гуль-Рано Расулова, облыстық өзбек этномәдени орталығының өкілі: «Бауырлас ел» фильмінен үлкен әсер алдым. Осыдан бірнеше жыл бұрын Зауытбек ағамыз «Мәңгілік достық» фильмін шығаруға ат салысқан болатын. Жаңа фильмге екі мемлекетте он жылда орын алған өзгерістер, жаңашылдықтар енгізіліпті. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда Түркістан облысындағы этномәдени орталықтардың, оның ішінде өзбек этномәдени орталығының үлесі барына қуанамын. Ұлтым өзбек, Оңтүстік өңірінде туып өстім. Қазақстанмен мақтанамын. Екі ел арасындағы ынтымақ ешқашан ажырамасын. Ауызбіршілігіміз мәңгілік болсын».
ҚР Президентінің телерадио кешені дайындаған деректі фильм Қазақстанның аймақтарында және көрші Өзбекстан елінде көрсетілмек. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Ал Қазақстандағы өзбек этносы өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды.
Бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі бастамалар жастарды рухтандырып, Отандарына деген сұйіспеншіліктерін, жауапкершіліктерін арттырады деген сенім мол.
Шынар Оразова