Шымкентте онкологтар «Ашық есік күніне» шақырады!

611

Шымкенттік дәрігерлер өкпенің қатерлі ісігінің алдын алмақ. Бұл үшін қалалық онкологиялық орталықта ақ халаттылар демалыс күндері ашық есік күнін өткізді. Профилактикалық шара кезінде пациенттер онкохирургтың қабылдауынан өтіп, рентгенге түсті.

Соңғы он жылдықта көптеген мемлекеттерде өкпенің қатерлі ісігімен науқастану саны күрт жоғарылауда. Әлемнің 35 мемлекетінде өкпе рагы өлім саны жағынан бірінші орында. Ал Түрксітан облысы мен Шымкент қаласында мұндай дертпен 300-ден аса науқас есепте тұрады. Өкініштісі сол тіркеудегі науқастардың басым бөлігінде өкпе рагының соңғы сатысы анықталған.

Самат Исмаилов, онкохирург: «Неғұрлым ауру кеш анықталған болса, оған жүргізілетін ем күрделі бірнеше ай, бірнеше жылға созылған ем болады. Әрі нәтижесі қуантарлық емес. Сондықтан қазіргі медицинаның бағыты — ауруды емдеуге емес, аурудың алдын алуға бағытталған. Сол себепті қала тұрғындарын ашық есік күніне шақырамыз. Барлық тексерулер, барлық қабылдаулар тегін жүргізіледі».

Ашық есік күнінде Күмісай Нұрлыбаева дәрігердің қабылдауында болды. 40 жастан асқан азаматшаның өкпесінде ахау пайда болған. Онкохирург азаматшаның өкпесін тексергенде қатерлі ісік анықталмады. Дегенмен маман өкпедегі дертті тексере келе қажетті кеңесін берді.

Онкологтардың айтуынша, рактың соңғы сатысы науқастың өмірін аман алып қалуға 20 пайыз ғана мүмкіндік береді. Ал сексен пайызында, қайғылы жағдаймен аяқталып жатады. Өкпе рагын тудыратын негізгі фактор шылым шегу, яғни, 80 пайыз жағдайда темекі тарту ауыр дертке шалдықтырады. Сонымен қатар асбестаз, автомобильдердің және өндіріс кәсіпорындардың қалдықтарымен ауаны ластауы да аурудың дамыту факторы болып табылады.

Айта кетейік, жыл сайын өкпе қатерлі ісігіне 3500 жаңадан шалдығушылық анықталады. Қатерлі ісіктердің пайда болу қауіпі 50 жастан асқан адамдарда өсуде. Әйелдерге қарағанда, өкпе қатерлі ісігі ер адамдарда 3-10 есе жиірек кездеседі.

Ал шымкенттік онкологтар 30 — қараша күні қала тұрғындарын ашық есік күніне шақырады. Бұл күні кез — келген қала тұрғыны жолдамасыз әрі тегін өкпесін тексертіп, қажетті жағдайда рентгенге түсе алады.

Лаура Нақыпқызы