Демографиялық дүмпу туғызып отырған Шымкентте жыл сайын мектеп жетіспеушілігі басты мәселеге айналып отыр. Бір сыныптың өзінде 10-12 топтан бар. Жыл сайын жаңа мектептер пайдалануға беріліп жатқанымен білім ошақтарына деген қажеттілік әлі де азаймай отыр. Дегенмен осы саланың көлеңкелі тұстарына күн түсетін күн де таяу.
Алдағы уақытта салынатын жекеменшік мектептерге мемлекеттен қаржы бөлінбек. Бұл туралы қалаға іс-сапармен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді.
Қала әкімдігінде вице-министр мен шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кездесті. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен қала әкімдігі және қалалық өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларымен үш жақты келісімге қол қойды.
Үшінші мегаполисте биыл 700 орындық жатақхананың қазығы қағылып, бала бақша және білім ошақтарын салу көзделіп отыр.
Кездесу барысында тараптар қаладағы білім саласы құрылысына инвесторлар тарту, жекеменшік мектептер санын көбейту жәйін талқылады. Қалабасы бұл іске кәсіпкерлердің қызығушылық танытып отырғанын, жекеменшік мектептерді көбейту бағытында жұмыс атқаратындарын жеткізді.