Тағы да газдан улану! Шымкентте өзбекстандық екі азамат иіссіз газдан уланып қайтыс болды. Қайғылы жағдай 13 қараша күні болған.
Үш бөлмелі қосалқы үйде тұратын үш өзбекстандық азамат осында жалданып жұмыс істеген. Бөлмені жылыту үшін электрожылытқыш құрылғы мен төрт конфорлы газ плитасын пайдаланған. Газдың үстіне кірпіш қойылған.
Қайғылы оқиға болған үйді мұқият қарап шыққан мамандар бөлмеде желдеткіш каналдың жоқтығын анықтады. Улы газ үш азамат ұйықтап жатқан бөлмеге жинала берген. Салдарынан 1976 жылы және 1983 жылы туған екі ер кісі улы газдан көз жұмды. Тағы бірі — 35 жастағы өзбекстандық ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Еске сала кетейік, бір күн бұрын ғана Түркістан облысында иіссіз газдан үш адам қайтыс болған еді. Екеуі 18 жасар өрімдей жас болса, біреуі 1956 жылы туған ер адам. Газ құбырларын, қондырғыларды пайлалануда абай болыңыздар.
Жанар Есенбекова