Шымкентте 210 метрлік мұржа құлатылды. Бұрынғы қорғасын зауытының иелігіндегі алып нысанды арнайы техника алтыншы күн дегенде әзер құлатқан. Қорғасын зауыты тоқтағалы бері қаңыраған нысаннан темір іздегендар мұржаға зақым келтірген болатын. Алып мұржаның астын үңгіп темірлерін алып кеткен.
Құлағалы тұрған мұржа айналасынан қауіп төндіріп тұрған болатын. Сол себепті қала басшылығы оны бұзу туралы шашім қабылдаған-тын.
Бүгінде үйінді топыраққа айналған бұл орында бұрын алып зауыт болды дегенге сену қиын. Зауыт болғанын растайтын жалғыз белгі ол биіктігі 200 метрден асатын аспанмен таласқан үш мұржа болатын. Өкініштісі сол кеңестің көзі тарих қойнауына енген зауыт мұржасының біреуін құлату қажет болды.
Қорғасын зауыты істен шыққалы — 7 жылдан бері онсыз да көнерген құбырдың бүйірін темір іздегендер тонап, салдарынан мұржа қисая бастаған еді. Нысанды бұзуды ұйғарған басшылардың біраз басы қатты. Жер сілкінісі болады деген әңгімелер де айтылды. Тіпті бюджеттен қаражат та бөлініп, мемлекетік сатып алу конкурсын өткізді. Кейін ол жоспар өзгеріпті.
Жақын маңдағы үйлерге қауіп келуі мүмкіндігін ескерткен мамандар, алдан ала құбырға жақын орналасқан 300 үйге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындармен кездесті. Хаттама түзді .Ақыры 80 жылға жуық тарихы бар мұржаны құлатуды 17-ші қараша күні бастады.
Мұржаның ішіндегі тоқылған бірнеше жүздеген тонна қара темір бар дегенді естігендер құбыр маңын торыды. Олар құқық қорғау органы қызметкерлерінің бақылауында болды. Ал төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері күн сайын тұрғындарға ескерту жасап отырды.
ҰОС қезінде жауға атылған әр алтыншы оқты шығарған зауыттың құбыры алтыншы күн дегенде әзер құлатылды.
Жүздеген тонна салмағы бар құбырдың шаңы, жақын маңдағы үйлерге жетіп, кей баспаналардың терезелері шытынапты деген әңгімелер болды.
Бірақ төтеншеліктер оны жоққа шығарды себебі екі қабат терезенің сырты емес ішкі бөлігі сынуы мүмкін емес дейді.
Осылайша көпшілікті алаңдатқан қорғасын зауытының құбыры ешкімге залал келтірмей құлады. Ендігі мәселе оның ішіндегі құрлыс материалдары. Жергілікті басшылар осы мәселені шешуі тиіс.
Естеріңізге салар болсақ, шілде айында қорғасын зауытының көпірі бұзылған еді. Оны да жергілікті басшылар ешқандай қиындықсыз демонтаждаған болатын.
Нұрлан Күдерұлы