Шымкенттің спорт тарихында бұрын соңды болмаған жеңіс!

91

Шымкенттің спорт тарихында тұңғыш рет! Грек-рим күресі бойынша Әлем чемпионатынан жүлделі оралған алғашқы спортшы бар.

21 жастағы Мейіржан Шермағанбет Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде иеленді. №10 спорт мектебінің тәлімгерін әуежайдан күтіп алған туған-туыс, жора жолдастары, қолдаушылары мен жанкүйерлерінің қатары қалың болды.

Спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтың өзі сол жерден табылып, қуанышына ортақтасты. Алдағы жарыстарда да жеңіс тіледі. Бір айдан бері өзге елде жүрген спортшы туған қаласына деген сағынышын ақжарма тілектері арқылы жеткізіп, алда олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алу үшін ерінбей еңбек етуге уәде етті.

Мейіржан Шермағанбет, грек-рим күресі бойынша Әлем чемпионатының қола жүлдегері: «Әлемдік бәсеке болғандықтан әр ел өздерінің ең мықты деген спортшыларын алып келді. Жарыс өте тартысты өтті. Бірінші орын иеленуіме болар еді, бірақ тактикалық тұрғыда дайындығым сәл жетпей қалды. Сондықтан ресейлік спортшыға есе жіберіп алдым. Үшінші орынды да жеңіс деп есептеймін. Жеңісімді барша қазақстандықтарға, ата-анам арнаймын».

    

Айта кетейік, Будапештегі Әлем чемпионаты қазанның 25-і мен 29-ы аралығында өтті. 67 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Мейіржан Шермағанбет соңғы сәтте Ресей спортшысына есе жіберіп, үшінші орыннан көрінді. Десе де, спортшының жаттықтырушысы Оразбек Медеубеков бұл жеңістің өзі жоғары көрсеткіш деп есептейді. Осылайша Мейіржан небәрі 21 жасында Шымшаһар тарихында әлемдік доданың алғашқы жүлдегері ретінді өз қолтаңбасын қалдырды.

Әлия Әділбек