Шымкенттік дәрігерлер ашық есік күнін өткізді

684

 12 қараша – Халықаралық пневмониямен күрес күні. Атаулы күнге орай, Шымкент қаласының дәрігерлері №8 емханада «Ашық есік күнін» өткізді. Бұл күні мамандардың қабылдауына келгендер көп болды. Олардың басым бөлігі кішкентай балалар.

Іс – шара аясында кез-келген қала тұрғыны тегін әрі жолдамасыз пульмонолог дәрігерлердің қабылдауына кіре алды. Таңғы сағат сегізден басталған ашық есік күні сағат 13:00-ге дейін жалғасты.

Пневмония ауруына көбіне кішкентай балалар шалдығады. Сондықтан болар, мамандардың қабылдауына өкпесі суықтаған кішкентай балақайлар көп келді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пневманияға шалдыққандардың саны күн санап өсіп барады. Соңғы бір жылдың ішінде қаладағы балалар ауруханасында мұндай диагнозбен жатқызылған 3500-ге жуық балдырған емделіп шыққан. Әсіресе бұл дерт күн суығанда өкпені зақымдап, күшейе түседі дейді мамандар.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық сақтандыру қорының қолдауымен өткен профилактикалық жұмыс барысында кеңес берілді.

Лаура Сапарбекова, Түркістан облыстық Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі:  «Ашық есік күнінің» мақсаты – медицина мекемелерінде профилактикалық шаралар ұйымдастырып, медициналық тексеріс өткізеді. Сонымен қатар, дәрігерлер тарапынан бұл ауру жөнінде ақпарат пен парақшалар таратылады. Естеріңізге сала кетсек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалы ТМККК бойынша 162 медицина ұйыммен келісімшарт бекіткен. Оның 87-сі – жеке меншік».

Айта кетейік, мамандар баланың дене қызуы көтеріліп, қалтырап, жөтеліп, мұрыны толып, тыныс алуы қиындаса дереу дәрігер шақыру керектігін айтты. Ауруды асқындырып алмай тұрып, емханаға жүгінуге кеңес берді.

Лаура Нақыпқызы