Күн суытқаннан бері шымкенттік диқандар қала іргесіндегі егістік алқабындағы өнімдерін жинауға кіріскен. Жиын — терім басталғалы «Қызылжар» ауылының тұрғыны Әлихан Бабаназаров балаларымен бірге егін басында.
Диқаншылықты кәсіп еткен шаруа «ауыл шаруашылығы оңай сала емес, жақсы өнім алу үшін көктемнен бастап күзге дейін тер төгесің. Дақылдың тез жетілуіне ауа райы, ағын судың қоры және тыңайтқыштың да да әсері мол» дейді.
Әлихан Бабаназаров, шаруа: «Мына жер алқабына «Дайкон» еккен едік. Жақсы жетілді. Түнде суық, үсік ұрып кетпес үшін өнімді жинап жатырмыз. Биыл ауа райы қолайсыз болды. Осыған қарамастан қырыққабаттың түр-түрін отырғыздық. Тұқымдарды осында сатып аламыз. Сәуір айынан тамызға, тамыздан осы қарашаға дейін екі рет өнім алдық. Бүгінде көкөніске сұраныс жоғары. Сондықтан еш күрделіліксіз қаладағы сауда орындарына тапсырамыз».
Көрші егістік алқабында Әділбек Құрбанов өнімді корапшаларға салып, сатуға дайындап жатыр. Соңғы алты жылда осы көкөніс түріне басымдық берген ол қырыққабаттың барлық түрлері елімізде бүгінде сұранысқа ие дейді.
Әділбек Құрбанов, шаруа: «Қораптардағы гүлді қырыққабатты Шымкенттегі «Жібек жолы», «Алаш», «Айна» базарларына жеткіземіз. Өзіміз сатайық десек, орын жоқ. Алматы мен Астана қалаларынан да бізге тапсырыс жасайды. Ерте көктемнен тер төгеміз, күзде өнімді жинап, келер жылға дайындаламыз. Тұқым, селитра алу керек. Биыл ресейлік селитраны алдық, отандық өнім жоқ. Ағын судан былтыр қиыншылық көрген едік, биыл тәуір болды. Маусымдық жұмыстарға жерлестерімізді тартамыз. Ақшаларын күнделікті беріп тұрдық».
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Бүгінде субсидия ірі шаруа қожалықтарына үлестірілуде. Алайда Әділбек және Әлихан сияқты аз ғана жері бар диқандар үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдаудан тыс қалуда. Алайда осыған қарамастан жергілікті шаруалар әрекет етуде. Жерлестерін ғана емес, Солтүстік өңірдегілерді де көкөніспен қамтып отыр.
Шынар Оразова