Ұлттық валюта күнін Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық институты да ерекше атап өтті. Мерекеге орай оқу басшылығы облыс студенттері арасында «Менің арманым» атты стартап сайысын ұйымдастырды. Өз бизнес идеясымен көңілден шыққандары ақшалай сыйлықтар мен кәсіпкерлердің қолдауына ие болды.
«Менің арманым» атты стартап сайысқа жиналған студенттер өз бизнес, инвестиция жобаларын дәл осылай 7 бірдей қазылар алқасының алдында қорғады. Тақырыптары да сан алуан – ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім, инновация, технология, тіпті татулық пен махаббат жайын қозғайтын жұмыстар да болды.
Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының ұйытқы болуымен өткен стартап сайысында облыс колледждері мен университеттерінен жиналған 17 студент бақ сынады. Ал олардың жұмыстарына «Даму» қоғамдық қоры, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасынан келген өз ісінің шеберлері баға берді. Кәсіпкерлер үздік, әрі тиімді жоба ұсынған өрендерге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.
Сабыржан Исаков, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі, қазылар алқасының мүшесі: «Менің қойып отырған шартым инновациялық жоба болса. Яғни, жаңашылдық болуы керек, ең бастысы, пайдасы болуы міндетті. Көңілімнен шыққан жұмысқа дауысымды беремін және қорымыздың атынан қолдау көрсетуге қаржы бөлінуіне өз үлесімді қосамын».
Айта кетейік, іс-шара Төл теңгеміздің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған. Оқу ошағы бұған дейін де жастардың тың идеяларын қолдап, түрлі сайыстар ұйымдастырып келген.
Людмила Игнашова, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ ғылыми және Халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры: «Елбасының өзі жас кәсіпкерлерді көтермелеп, аға буын өкілдері оларға қолдау көрсету керектігін үнемі айтып келеді. Сондықтан жастарымыздың идеясын тыңдайық, жобаларына ивестиция тартайық деген оймен осындай сайыс ұйымдастырдық. Қатысушылардың саны биыл өте көп және тақырыптары да әр түрлі. Үздік деп танылған жұмыстың авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталады».
Маман тәрбиелеуде жоғары жетістікке жетіп жүрген Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты мұнымен шектелмейді. Алда студенттерге септігін тигізер бірнеше жоба ұйымдастырылады деп отыр.
ЛИЦЕНЗИЯ: №АБ 0137464 – 03.02.2010 жылы ҚР БжҒМ берілген