Шымкентте түрмеден шыққан шетел азаматтары жұмыс істеп жүр. Кезінде жалған ақша жасады деп сотталған нигериялық жігіттер жақсы тәртіптері үшін абақтыдан ерте босап шығыпты. Қазір қонақ үйлердің бірінде жұмысқа орналасқан. Қара нәсілді халықтың өкілдері жергілікті жердің салт-дәстүрін меңгеріп алғаны былай тұрсын, қазақ тілінде де сөйлеуді бастап кетіпті.

32 жастағы Обах Жозефат жазасын өтеп шыққанына көп бола қоймаған. Осы күні жергілікті қонақ үйлердің бірінде еңбек етеді. Мамандығы мұғалім екен. Бес тілді меңгерген. Соңғысы — қазақ тілі. Оның өзін Шымкенттегі түрмеде отырғанда үйреніпті. Еркін сөйлемесе де, амалдап ойын жеткізе алады.

Обах Жозефат, Нигериялық азамат: «Нигерияда мұсылман басқаша жүйе, қазақша басқа жүйе. Маған бәрі ұнайды, әсіресе, қазақша тамаша».

Ал 41 жастағы Нвоке Екендиричук пен Обах Жозефат Шымкент қаласы əкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды əлеуметтік бейімдеу орталығында» тұрып жатыр.

Әсем Кенжебекова, Шымкент қаласы əкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды əлеуметтік бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі еңбек терапиясының маманы: «Екі азамат біздің орталыққа 2018 жылдың қыркүйек айында келген. Әлеуметтік қызметтер алуда. Бізге қонақ үй өкілдері байланысқа шықты. Біз олармен кездесу ұйымдастырып бердік».

Олардың бірі біздің елге саудамен айналысу мақсатында, ал екіншісі жоғары оқу орнына мұғалім болу үшін келіпті. Шымқалада жүрген кездерінде шалыс басып, шатылған. Жалған ақша жасап, тәртіп сақшыларының қолына түсіп қалды. Сөйтіп, 3 жыл 9 айға бас бостандықтарынан айырылған. Алайда, үлгілі тәртіптері үшін түрмеден ерте босапты. Қонақ үйде жұмыс істеп жүрген олар жуырда ел аумағынан шығарылмақ.

Мақпал Рысбаева