Полицейлер «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шара барысында 5 «жеңгетайлық» жайтын анықтады, деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мысалы, ағымдағы жылдың 23-қараша күні Сарыағаш ауданында ҰҚҚКБ қызметкерлері «жеңгетайлық» жасағаны үшін жеңіл жүрісті қыздардан сыйақы алған жергілікті сауна меңгерушісін ұстады. Аталмыш жайтты СДТБТ-де ҚР ҚК-нің «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» 309-бабы бойынша тіркеді. Заттай айғақтар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шара аясында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Мақтарал ауданында 2009 жылдан бері адам саудасына қатысы үшін Өзбекстан Республикасының ІІМ іздеу жариялаған ҚР азаматшасын ұстады. Әйелді ҚР заңдарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартатын болады.
Сондай-ақ, полицейлер «Stop-трафик» жедел профилактикалық іс-шара барысында жезөкшелікпен айналысқан 20-дан астам жеңіл жүрісті қыздарды тіркеуге алды.