Түркістанда 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа шағынауданда салынып жатқан баспаналар «7-20-25» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Облыс орталығында тұрғызылатын әр нысан Үкіметтің назарында. Сондықтан болар, астаналық жауаптылар апта сайын киелі шаһарға келіп, құрылыстың барысын қадағалап кетеді.
Бұл жолы Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов келді. Төраға үйлердің «ақылды» болуын қадап айтты.
Түркістанда жаңадан бой көтеретін шағынаудан «Отырар» деп аталады. Жалпы 6500 шаршы метр аумаққа 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 5 қабатты 60 пәтерден тұратын арендалық үйлер салынуда. Қазір 6 мердігер компания қарқынды жұмыс істеп, құрылысты келер жылы аяқтауға ниеттеніп отыр. Тұрғын үйлерді салуға республикалық бюджеттен 3 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған.
Әбдісамат Исраилов Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: «60 пәтерлі 5 қабатты 20 үй арендалық үй болып отыр. Одан бөлек, несиеге берілетін 6 үй салып жатырмыз. Оның төртеуі тұрғын үй, екеуі коммерциялық тұрғын үй болады. Қазір 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны 4 млрд. 105 млн. теңге. Одан кейін 9 үйдің құжаты конкурстан өтуде».
Облыс орталығындағы үйлер «ақылды» болады. Әрі инфрақұрылымы түгелдей тартылып, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмайды. Алдын ала әр тетігін құнттап алған құрылыс компанияларын Министрліктің өзі, яғни Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті қадағалайтын болады. Сондықтан болар, комитет төрағасы жүріп жатқан құрылыс басына арнайы барып, қаланып жатқан кірпішінен бастап, қағылатын шегесіне дейін көріп шықты.
Құрылыс жұмыстарымен танысып шыққан төраға жауапты мамандармен жиын өткізді. Көпқабатты тұрғын үйлерді цифрландыру қажеттігін қадап айтты. Айтып өтейік, келер жылы Түркістан қаласында 3 — ші класты 42 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді.
Ардақ Берден