Жетісайлықтар биыл күзгі жиын терім уақытын толымды табыспен аяқтап отыр. Жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Былтырғыға қарағанда биылғы түсім жоғары болды. Аудан бойынша 48226,8 гектар мақта алқабынан 126 мың 192 тонна шитті мақта жиналды.
Ақ алтынның түсімділігі әр гектарынан 26,2 центнерді құрады. «Алтын күз-2018» мерекесін тойлаған жетісайлықтар ауданға ат басын бұрған өңір басшысы Жансейіт Түймебаевқа қол жеткізген жетістіктерін таныстырды.
Облыс әкімі алдымен Жетісай қаласы маңындағы «AIIG Kazakhstan» ЖШС-нің мақта зауытына табан тіреді. Ақ алтынның отаны саналатын өңірдегі шаруа қожалықтарының басым бөлігі мақта шаруашылығымен айналысады. Ала жаздай алқапта еткен еңбегінің өтеуі ақ алтынды күзде аталмыш зауытқа әкеліп өткізеді.
Алып кәсіпорында бүгінде 660 адам жұмыс істейді. Мақта зауытының қуаттылығы жылына 40 мың тоннаны құрайды. Құрылғанына 5 жыл ғана болған зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеуде. Мұнда мақта талшығы, техникалық тұқым дайындалады. Жалпы аумағы 5,6 гектарды құрайды.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Мақтадан жыл сайын мол өнім алып отырсыздар. Оның басым бөлігі шетелдерге экспортталуда. Алдағы уақытта мақтаны шикізат ретінде шетке асырмай, одан жіп, мата, түрлі бұйымдар өндіруді қолға алуымыз керек. Осылайша отандық өндіріске күш салымыз қажет».
Еңбек адамына құрмет көрсетуді жетісайлықтардан үйренген жөн. Жұмысы ауыр мақта шаруашылығында маңдай терін төгіп жүрген қарапайым жұмысшылар бүгін өңір басшысының қолынан мақтау қағазын алып, марқайып қалды.
Облыс әкімі «Озат терімші», «Ең үздік комбайншы», «Ең үздік терімші», «Ең үздік мақта зауыты» номинацияларының иегерлерін марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Мадина Жарасқанова, «Ең үздік терімші» марапатының иегері: «Бала-шағамызбен ала жаздай мақта алқабында еңбек етеміз. Әрине мақта теру оңай емес. Күндігіне 400 келі мақта тердік. Еңбегімізді елеп, ескеріп жатқанына ризашылығымызды білдіреміз».
Өңір басшысы бастаған топ мұнан соң Жетісай қаласындағы орталық саябаққа табан тіреді. Мұнда Жетісай қаласының 49 жылдық мерейтойы мен «Алтын күз-2018» іс-шарасы қатар тойланды.
Шаруа қожалықтары тәулігіне 15-20 литр сүт беретін асылтұқымды ірі қараны, ойсыл қара тұқымын, сәйгүліктер көрмесін паш етті. «Техас балы» серіктестігі бал өнімдерін, «Нұрторт» компаниясы өз тәттілерін, басқа да компаниялар сапалы тауарларымен таныстырды.
Мереке барысында озат шаруашылықтар облыс әкімінің қолынан марапатқа ие болды. Бұдан кейін «Бұқа тартыс», «Ләңгі тебу», Көңілді старт» сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қонақтар бауырсақтан жасалған пирамидадан дәм татты. Соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
А.Бейімбет