Жетісайлықтар көмір жағудан құтылды

397

Жетісай ауданындағы біраз ауылдарға табиғи отын тұтыну арман болатын. Бұрын. Бүгінде осы игілікке жетісайлықтар қол жеткізе бастады.

Достық ауылында газ қосу рәсімі өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың келуіне қарсы орайластырылған болатын. Алғашқы алауды жаққан өңір басшысы өз құттықтауын жеткізді. Ауыл ақсақалдары ел игілігі үшін атқарылып жатқан осындай еңбектің рәтті болуын тілеп, ақ баталарын жаудырды.

Көмір жағудан құтылған ауылдардың қатарында Атамекен ауыл округіне қарасты Қоғалы, Тыңдала және Ш. Ділдабеков ауыл округіндегі Байдала, Зерделі, Достық ауылдары бар.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Құрметті жетісайлықтар, бүгін көптен күткен үлкен қуаныштың куәсі болғалы отырмыз. Яғни, бүгін Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында 5 елдімекеннің түрғындары табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елдімекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елдімекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті. Жетісай өңірі үшін жақсы көрсеткіш. Түркістанның өзінде газбен қамтылу 14 пайызды ғана құрайды. Алдағы уақытта Түркістан облысының барлық аумағы табиғи газбен қамтылатын болады».

Ауыл тұрғындары көгілдір отын келгеніне қуанулы. Отын мен көмір сатып алып, алыстан арбалайтын ауылдықтар енді бұл бейнеттен құтылдық деп отыр.

Газ тарату нысанының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Арада өткен аз ғана уақыт ішінде ел игілігіне беріліп отыр. Аталмыш нысан құрылысының жалпы сметалық құны 102,6 млн. теңгені құрайды.

Жетісай өңірін газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл аудандағы елдімекендерді газ жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен 615,4 млн теңге қаралған болатын. Аталған қаржы 5 нысанның құрылысы үшін бөлінген. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың шілде айында аяқталса, 3 елдімекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Осылайша табиғи газ тұтынатын ауылдардың қатары арта түспек.

А.Бейімбет