Жыл басынан бері Шымкентте 173 отбасы солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген. Олардың ішінде 43 отбасы қоныс аударып үлгерді. Солардың бірі — Алтынбековтер отбасы. Мемлекеттік бағдарлама аясында еңбек ресурсы тапшы ауданға көшіп барған бұл тұрғындар қазір екі қолға бір күрек тауып, аз уақыт ішінде басыбайлы баспаналы да болды.

Жуырда ғана отбасымен қоныс аударған Жанар Алтынбекова енді байырғы жерлестерін солтүстікке шақырып жүр. Аз уақыт ішінде тұрақты жұмыспен қамтылып, басыбайлы баспана алған ұзақ уақыт ойланып барып шешімге келгенін айтады. «Қазір бұл шешіміме қуанбасам, өкінбеймін» дейді.

Жанар Алтынбекова: «Аққайың ауданында акушер болып жұмыс істеймін. Әр отбасы мүшесіне 87 мың теңгеден қаржылай көмек берілді. Үй алдық. Дәрігер маманы ретін 1,5 млн. теңге көмек ретінде берілді».

Біздің кейіпкеріміз Шымкентке осы құраммен келген. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бастаған бір топ делегат келіп, жұмыссыз халықты еңбек ресурсы тапшы аймақтарға шақырды. Билік өкілдері бүгінде ауыл шаруашылығы, білім, медицина салаларына маман тапшы екенін жеткізіп, қоныс аударуға ынталыларға бар жағдай жасалатынына уәде етті. Отбасыларға қолдау ретінде бір жылға дейін пәтерақысы төленіп, жер телімдері беріледі сондай-ақ, жұмыс орындары ұсынылады.

Айта кетейік, Түркістан облысынан бүгінгі таңға қоныс аударуға ниеттенген 67 отбасы бар. Жыл басынан бері республика бойынша 4 мыңға жуық адам қоныс аударса, облыстың үлесі 38 пайызды қамтыпты.

Мақпал Рысбаева