«Құттықтаймыз! Сіз жүлделі болдыңыз! Толық ақпарат алу үшін мына нөмірге хабарласыңыз».«Шетелдік жолдамаға ілігейін деп тұрсыз». «Керемет жеңілдіктерге ие болдыңыз». Осындай мәтінді хабарламаны алмағанымыз аз шырға. Сондай-ақ «Несие алып беремін», «Жұмысқа орналастырып беремін». «Пәтер алуға көмектесемін» деп көмегін ұсынғандарды да кезіктіріп қалған боларсыз. Мұның бәрі де алаяқтардың алдау тәсілі екенін білсе де, сезсе де арбауына түсетін «сенгіштер» әлі көп. Алаяқтықтың – қоғамға қарай бейімделіп, түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатқан жайы бар. Ол – интернет алаяқтық. Алаяқтықтың басқа қандай түрлері бар? Айлакерлер құрбанын қармаққа түсіру үшін қандай тәсілдерге барады? Оны анықтаудың жолдары қандай? Алданып қалмаудың амалы бар ма? Осы және тақырыпқа қатысты басқа да сан сауалға Шымкент қаласы ПД Криминалды полиция басқармасының мүліктік қылмысты ашу бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Нұрлан Татаев жауап берді.

 

Нұрлан Татаевтың сөзінше мүліктік қылмысты ашу бөлімі қарақшылық қылмыстар, тонау қылмыстары, алаяқтық қылмыстар, ұрлық оқиғаларын ашумен айналысады. Соның ішінде алаяқтық қылмыстар қызметкерлердің жіті назарында. Өйткені, айлакерлердің арбауына түсіп, сан соғып қалғандардың саны азаймай отыр екен.
Полиция подполковнигі осыдан бірнеше жыл бұрын қаламыздағы біраз кәсіпкерді бірнеше миллионға «отырғызып» кеткен Ольганың (аты өзгертілген-ред.) оқиғасын әңгімеледі.

Кәсіпкерлерді сан соқтырған Ольга

Ольга – Петропавл қаласының тұрғыны. Екі баласы бар, ажырасқан. Қазақстанның қалаларын аралап, тұрақтаған жерінде мықты деген сұлулық салондарында жұмысқа орналасады. Сондағы ойы – қалталыларды қақпанға түсіріп, «байып қалу» болатын. Діттегеніне жеткен соң, келесі қалаға беттейді екен. Бір күні Шымкентке келіп, бай-бағландар көптеп баратын сұлулық салонына жұмысқа орналасады. Сөйтіп жүріп, бір кәсіпкермен танысып, араласып кетеді. О, кезде қант пен ұнның қымбат кезі. Сөйтіп, Ольга әлгі кәсіпкерге өз ағасының қант өндіру орталығында басшы болып тағайындалғанын айтып, бірнеше тонна қанттың килограмын 80 теңгеден (мысалы) емес 60 теңгеден алып беретінін айтады. Кәсіпкер келісіп, екеуі бірге қант орталығына бет алады. Ольга «досына» сыртта күте тұруын өтініп, «бірнеше минуттардан соң орталықтың артқы жағынан қантты алып кетесің» деп келісуге кіреді.
Ольга уәдесінде тұрып кәсіпкерге 1 тонна қантты килограмын 60 теңгеден алып береді.
Кәсіпкер қантты бір күнде-ақ толық сатып, пайдаға кенеледі. Сөйтіп, Ольгаға тағы да қолқа салады. Ольга кәсіпкерге «Аз көлемде сатып ала бересіз бе, ағам келіспейді, жаныңызға тағы бірнеше кәсіпкер ертіп келіңіз, алып берейін» деп ұсыныс тастайды. Кәсіпкер өзі сияқты тағы 5 адамды тауып ертіп келеді. Барлығы 5-6 тонна қанттың ақшасын беріп, қант орталығының алдында Ольганы күтіп тұрады. Бірнеше сағат өтсе де Ольга шықпайды. Ұшты-күйлі жоқ. Сонымен кәсіпкерлер полицияға арызданады.

Нұрлан Татаев, Шымкент қаласы ПД КПБ мүліктік қылмыста ашу бөлім басшысы, полиция подполковнигі:
– Бізге арыз келіп түскеннен кейін жедел тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ольга деген кім? Қант орталығының басшысына қатысы бар-жоғын анықтадық. Орталық басшысы алаяқты мүлдем танымайтын болып шықты. Ол былай істейді екен. Бірінші 1 тонна қантты 60 теңгеден сатып алуға кәсіпкерден ақшасын алып, орталықтағы сауда өкіліне келеді. Ал орталықта қанттың килограммы – 80 теңге. Сөйтіп, жаңағы соммаға өз қалтасынан қаржы қосады. Осылайша, қантты кәсіпкерге шығарып береді. Иә, ол шығынданды. Есесіне кәсіпкердің сеніміне кірді. Сөйтіп өз қалтасынан үстіне қосқан соммасын 10 есе қайтарып алды. Ольганы тез арада таптық. Ол Петропавл қаласының тұрғыны болғандықтан, сол қалаға іс-сапармен барып, солтүстіктегі әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс жасадық. Ольганың бұған дейін де алаяқтық қылмыстар жасағаны анықталды. Кінәсін толығымен мойындады. Жәбірленушілер де қылмыскердің сол екенін растады. Материал сотқа жіберіліп, кінәлі жазасын алды.

«Жұмысқа орналастырып беремін» деп…

Нұрлан Татаев «жұмысқа орналастырып беремін» деп алдайтындардың қармағына ілініп қалатындар да көп екенін айтады.
Алмас (аты өзгертілген-ред.) есімді азамат Шымкент қаласындағы мекемелерге барып, «жұмысқа орналастырып беремін» деп визиткасын таратады екен. Бір күні медколледжді бітірген бойжеткен Алмасқа келіп, медбике немесе медициналық кеңесші етіп жұмысқа орналастырып беруін сұрайды.
Алмас «бірінші ақша, кейін жұмыс» деп, «қызметі» үшін төлем алып алады. Содан кейін қаламыздағы медициналық ұйым басшыларының нөміріне облыстың беделді азаматының атын жамылып «крутой» нөмірлер арқылы хабарласады.
«Әбеке, жуырда әкімнің алдында есеп тапсыратының бар. Ұмытпаған шығарсыз? Осы орайда сізге кішігірім «өтініш». Бір қарындасты өз мекемеңе жұмысқа алшы» деп қолқа салады.
Сонымен, қызды жұмысқа орналастырады. Бірақ оқиғаның барлығы осылай «жақсылықпен» аяқтала бермейді. Келесі бір күні дәл осындай оқиға болады. Сонда алаяқ атын жамылған беделді азамат пен жұмысқа орналастыруға уәде еткен мекеме басшысы бір жиынға қатысып қалады. Мекеме басшысы беделді азаматқа келіп: «Сіздің өтінішіңізді орындап жатырмын, жақын арада жұмысқа алам» дейді. Сол кезде ана кісі жағдайды түсінбей, ешқандай өтініш жасамағанын айтады. Мекеме басшысы оқиғаның мән-жайын айтып берген соң атын пайдаланған кісі полицияға келіп, шағымданады. Бұған қоса «Ақшамызды алып, жұмысқа орналастырмады» деп арызданушылардың қатары да қалыңдайды. Содан құқыққорғаушылар алаяқты қолға түсіреді. Алмас жазаға тартылады.

Алаяқтықтың «ескі»/«жаңа» түрлері

Нұрлан Татаев бүгінде белең алған алаяқтық түрлеріне тоқталды.
Олар:
– жер алып беру;
– несие алып беру;
– жұмысқа орналастырып беру.
Сондай-ақ күн сайын саны артып келе жатқан алаяқтық түрі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық екен. Оны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық» деп атайды. Бүгінде халықтың көбі интернетке жіпсіз байланғанын ескерсек, алаяқтардың да сол ауылды торуылдайтыны түсінікті жайт.

11 айда 121 интернет-алаяқтық

Қаламызда дәл осы алаяқтық бойынша тіркелген деректер көш бастап тұр екен. Мысалы, Нұрлан Татаевтың мәліметінше, 2018 жылдың 11 айында қала бойынша ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолмен жасалған 121 алаяқтық дерегі тіркеліпті.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 92 дерекке артық. Аталған қылмыстардың басым бөлігі Instagram, Вконтакте әлеуметтік желілерінде, olx, satu.kz, ya by kupil, Колеса, крыша т.б. интернет дүкендерде сауда жасау, ұтыс ойындарының жүлдегері атану және бұғатталған интернет парақшаларын ашуға жәрдемдесу тәсілдері арқылы жүргізілген.
–Қазір адамдар әлеуметтік желіде алданып жатады. Алаяқтар жалған парақша ашып, белігілі бір тауар түрлерін өте төмен бағада сататыны жайлы жарнамалар жазады. Мысалы 1 млн теңге тұратын жиһазды 300 мың теңге деп жазып қояды. Одан кейін сатып алушылар қызығып, алуға ниеттенеді. Алаяқтар ақшаны алдын ала «QIWI-әмиян» («QIWI-кошелек») арқылы аудару керектігін айтады да, ақшасын алған соң жоқ болып кетеді. «Қымбат ішіктер мен тон сататындар, белгілі брендтердің атын жамылып, техникаларды арзан бағамен сатамыз» деп айласын асыратын алаяқтар көп,-дейді Нұрлан Татаев.

Алаяқтар «құрбандарын» қалай таңдайды?

Интернет-банкинг арқылы өзгенің мүлкін жымқыратындар көптеп кездеседі. Ондайлар көбінесе үй, пәтер, автокөлік алып-сатуға арналған сайттар арқылы өз «құрбанын» таңдайды екен.
– Алаяқтар өздерін сайттарда сатушы немесе сатып алушы ретінде тіркеп, адамдардың банк картасының реквизиттерін біліп алып, шотты бос қалдырады. Қалай? Мысалы, сіз көлігіңізді сатпақ болып, сайтқа хабарландыру қалдырасыз. Сізге ресейлік байланыс нөмірінен бір «клиент» хабарласуы мүмкін. Сіз онымен саудаласасыз. Ол көлікті сатып алғысы келетінін, бірақ басқа қалада жүргендіктен төлемді сіздің картаңызға жіберуге, ал автомобильді кейін алып кетуге дайын екендігін айтады. Сондықтан алдын ала төлемді аудару үшін банк картасына қатысты мәліметтерді сұрайды. Сіз ойланбастан банк реквизиттерін танымайтын адамға бере салуыңыз мүмкін. Сол кезде абоненттік нөміріңізге интернет банкингтегі жеке кабинетіне ену коды бар СМС-хабарлама келеді. Алаяқ сізге хабарласып, ақшаны аударғанын айтып, бірақ оны шешіп алуды мүмкін ету үшін сіздің телефоныңызға келген хабарламаны маған жіберіңіз дейді. Сіз жібересіз, ал «бұл дегеніміз сіз өзіңіздің картаңыз жайлы бар мағлұматты беріп қойдыңыз» деген сөз. Осылайша ол сіздің банк картаңыздың құпия кодын оңай біліп, тақырға отырғызып кетеді. Немесе банк қызметкерінің атын жамылып, карточкаңызға қатысты мәліметтерді сұрауы мүмкін,-дейді бөлім басшысы

Интернет-алаяқтарды анықтау қиын

Нұрлан Татаевтың сөзінше, интернет сайттар, әлеуметтік желі арқылы адамдардың ақшасын қолды ететін айлакерлерді анықтау өте қиын және ұзақ уақыт алады.

– Интернет арқылы «байып» отырғандар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, оларды анықтауда көп қиындықтар кездеседі. Біріншіден, сол адамның түрін ешкім көрген жоқ, дауысы белгісіз. Тіпті, түрлі бағдарламалар арқылы ip-мекенжайын ауыстырып тастайды. Мысалы, бір программа бар: «Ресейде отырып, өзіңнің ip-мекенжайыңды Парижде» деп көрсетеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін шекара талғамау сипаты бар. Тексеріс барысында алаяқтардың ақша аударымдары болған мекенжайлары шетелдерге тиесілі болып шығады. Сондықтан, жәбірленушіден арыз қабылдаған соң, қылмыскерді табу үшін, есепшот қай мемлекетке тиесілі болса, сол елдің құқық қорғау органдарымен хабарласамыз, сұраным хат жібереміз. Оған 1 аптада жауап кетеді. Сол мекенжай жалған болып шығады да, іздестіруді қайта жалғастырамыз. Уақыт өтіп кетеді, алаяқ соны пайдаланып, алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп, өз ісін жалғастыра береді,-дейді полиция полковнигі.

«Беймәлім хаттарды ашпаңыз, сілтемелерді баспаңыз»

Бұдан бөлек фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық арқылы жасалатын қылмыстар да бар екен. Фишинг – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Алдымен түрлі тақырыпта, қызықтыратын электронды хабарламалар таратады. Осы орайда, айта кететін нәрсе, электронды адресіңізге поштаңызға өзіңзіге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаңыз. Егер сол хаттың ішінде көрсетілген сілтемені бассаңыз болды, сіздің компьютеріңізге вирус кіріп кетуі мүмкін. Вирус кірмесе де, сілтеменің ішінде «Қауіпсіздікті сақтау үшін логин мен пароліңізді қайта енгізіңіз немесе өзгертіңіз» деген сияқты жазу болады.
Сонда логиніңіз бен пароліңізді жазсаңыз – «осы мәліметтеріңізді алаяқтардың қолына ұстаттыңыз» деген сөз.

Тегін табыс жоқ

Алаяқтардың амалдарын айтқан Нұрлан Татаев, алданып қалмаудың тәсілдерін де сөз етті.
– «Алаяқтардың алдауына түсіп қалмаймын» деп сенімді болудың керегі жоқ. Олар қазір өте көп. Сеніміңізге қалай кіріп алғанын сезбей қаласыз. Сондықтан әр адам өзін алаяқтардан қорғау туралы ойлануы керек. Алаяқтардан, бірінші кезекте, өзіңізді өзіңіз қорғай аласыз. Экономикалық жағдай қиындап, бәрі қымбаттап жатқанда кімнің де болса тиімді сауда жасауға ұмтылары анық, әрине. Бірақ, бастысы көзбен көрмеген, құжаты толық емес тауарға алдын ала төлем жасаудан сақ болыңыздар. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде қайырымдылық қорларының сайтының не аккаунтының тура көшірмесін жасап алып, сырқат балаларға, көмекке мұқтаж адамдарға деп өз реквизиттерін енгізіп ақша жинайтындар да көп. Сол себепті «қаражат аударамын» деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп, сосын барып қана көмек қолын созуы тиіс. Телефоныңызға «Сіз ұтыс ұтып алдыңыз» деп хабарлама жіберіп немесе хабарласып, сыйлықты алу үшін қосымша ақша төлеу керектігін айтуы мүмкін. Бұл да алаяқтардың амалы. Түсініңіз, бүгінгі заманда ешнәрсе тегін берілмейді. Ал егер телефонда не мессенджерде сөйлесіп жатқан адамыңыз алаяқ екенін түсініп қалсаңыз, онымен ұрысып-керіспей, байланысты мейлінше созып, жалғастыра тырысу керек. Мысалы, ол сізден тағы ақша сұрап жатса, «Қазір менде ақша жоқ еді, жарты сағаттан кейін немесе ертең хабарласа аласыз ба?», – деген секілді онымен қарым-қатынасты созудың амалын жасау қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп, мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеуге тырысқан жөн. Бұл мәліметтер біздің алаяқты табуымызға көмектеседі,-дейді Нұрлан Татаев.

Бөлім басшысы тағы бір нәрсені ескертті. Айтуынша, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Сондай-ақ ЖСН нөміріңізді, есеп шот, карточка мәліметтеріңізді ешқашана ешкімге бермеуге кеңес берді.

Алаяқтарды қалай анықтайды?

Ол алаяқтарды қалай анықтайтыны жайлы да айтты. Айтуынша криминалды полиция басқармасына қарасты алаяқтық қылмыстармен күресу арнайы тобы бар екен. Оның құрамында тергеуші, жедел іздестіруші, криминалдық полиция міндетті түрде кіреді. Олар арыз қабылдаған соң, қылмыстық іс қозғайды. Кейін алаяқты анықтау шараларын жүргізеді. Бұған телефон нөмірлерін анықтау, жеке басын анықтау, ip-мекенжайын табу, iD нөмірлерін және электронды төлем жүйесінің нөмірлерін бойынша ақпарат табу, алаяқтар ақша аударған банк, қалаларға сұраным хат жіберу сынды жұмыстар кіреді.
Полиция подполковнигінің айтуынша алаяқтармен күрес күн тәртібінен түспеген. «Жер, несие алып беремін» дегендерге алданып қалған оқиғалар азайған. Бірақ алаяқтықтың жоғарыда айтылған жаңа түрлері, керісінше, көбейген. Мұның тағы бір себебі, алаяқтарға жазаның тым жеңіл болуы деп есептейді. Өйткені, тек ауыр жаза жасаған айлакерлер ғана түрмеге тоғытылады, ал қалған жеңіл, орта дәрежелі қылмыстар бойынша кепілдік төлейді немесе шартты негізде жазаланады екен.

ТҮЙІН: Жоғарыда айтылған мысалдар, оқиғалар сенгіш азаматтардың арқасында пайда тауып қалуды көздеген «тойымсыз» алаяқтардың жасайтын әрекеттерінің тек бірнеше тәсілі мен сызбасы ғана. Ал оны елеп-ескеріп, қорытынды шығару өз қолыңызда. Тегін немесе арзан берілетін дүниенің астында алаяқтық шықпасы үшін өз ісіңізге мұқият болыңыз. Алаяқтың қалтасын толтырудан сақтаныңыз! Ал егер алаяқтықтың құрбаны болып қалсаңыз, онда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуды ұмытпаңыздар.

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті, №51, 19 ЖЕЛТОҚСАН 2018 ж.

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде 

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті