«Әкеге құрмет». Жазушы, журналист Күлия Айдарбекованың кезекті кітабы осындай атаумен жарық көрді.

Оның тұсаукесері «Көрме» орталығында өрбіді. Рухани рәсімге автордың қаламдастары — аға және жас буын жазушылар келді. Сондай-ақ, оқырмандар қауымы да көп жиналды. Перзенттік парыз баяндалатын жинақ биыл «Қазығұрт» баспасында басылған. Тәрбиелік мәні зор алғысөз бен қаламгерге деген құрметті ҚР Мәдениет қайраткері Құдияр Біләл жазған.306 беттен тұратын кітапта жазушының соңғы жылдары жазған еңбектері енген, яғни 25 бірдей ауқымды шығарма топтастырылып, оқырманға жол тартты.Әдеби жиында оқырмандар қауымы Күлия Смайылханқызының тұщымды туындылары мен шығармаларын оқып, мазмұнын етене талдауды ұмытқан жоқ. Көпшіліктің осындай құрмет-ықыласына бөленген автор өз қаламынан туындаған қазына-кітаптың ерекшелігін екшеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.Айта өтейік, «Әкеге құрмет» — Күлия Айдарбекованың шығармашылығындағы екінші кітабы. Жыл бұрын Ел аумағында «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапатталған ол қазіргі уақытта қаламыздағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасын басқарады.

Мөлдір Бекеева