Үш ауданда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

102

Ордабасы ауданының полиция бөліміне қазан-қараша айларында мал жайылымынынан белгісіз адамдар жылқылары мен ірі қара малдарын ұрлағаны жөнінде жергілікті тұрғындар арызданды. Аталмыш жайт СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды. Дәл осындай шағымдар көрші аудандық полиция бөліміне де келіп түскен болатын.

Осы жағдайға байланысты, Полиция департаменті мал ұрлығы қылмысын ашуда тәжірибесі бар Ордабасы, Бәйдібек, Арыс және Қазығұрт аудандарының криминалдық полиция қызметкерлері құрамынан арнайы топ құрады. Полицейлер облыс аумағындағы базарларда ұрланған мал етінің сатылуы бойынша тұрақты түрде тексеріп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

Полиция департаментінің арнайы тобының қызметкерлері Ордабасы полиция бөліміне тиісті аймақта Бадам ауылында жасаған кезекті рейдтік іс-шара барысында жанармай бекеті маңында жайылып жүрген үш жылқының қасында «фольксваген» автокөлігін байқайды. Тексеру барысында, жылқыларды ұрламақшы болған жүргізуші мен жолаушылар Арыс ауданының тұрғындары екені анықталды. Полицейлер оларды полиция бөліміне әкелді.

Қазіргі таңда, Ордабасы, Қазығұрт және Арыс аудандары аймағын торуылдаған 4 адамнан құралған бұл қылмыстық топтың, оның ішінде 2-еуі бұрын сотталғандар екені анықталды. Қылмыстық топтың 21 ұрлыққа қатыстылығы бар. Олар 60-тан астам жылқы мен сиыр ұрлаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 8 миллион теңгені құрады. Жайылымнан мал ұрлау қылмысымен түнгі уақытта айналысқан. Ұрланған малдарды бөлшектеп облыс базарларына сатқан. Сондай-ақ, ұрланған мал етін алып-сатар сатушы да ұсталды, полицейлер мал ұрлығына қатысты екі күдіктіні ұстау бойынша шаралар қолдануда.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлерімен жыл басынан бері мал ұрлығының 300 жайты тіркелген, облыс аумағында мал ұрлығымен айналысқан 14 қылмыстық топ құрықталды.

Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне сақ болуын және мал жайылымын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Мүмкіндігінше малдарға ен салып белгілеп, қора-жайларды мықтап бекітіп, малшы жалдау қажет. Мал ұрлығы орын алған жағдайда өз бетінше іздеп уақыт кетірмей, дереу полицияға хабарласу керек.

Егерде сіз қандайда бір қылмыстық оқиғаның куәгері болсаңыз, полицияның «102» нөміріне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

ТО ПД Баспасөз қызметі