Ұртоқпақ күйеу

436

БҰҰ мәліметінше әлемдегі 70 пайыз әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатыр. 35 пайыз әйелдер мен қыздар өз өмірінде физикалық немесе сексуалды зорлыққа ұшырайды. Ал Шымкентте ахуал қандай? Шымкент қалалық Полиция департаментінің келтірген мәліметінше, биыл отбасындағы зорлық-зомбылық дерегі 179 оқиғаға артқан. Тіпті 1 кісі өлімі де тіркеліпті. Бұл тек белгілісі. Сонымен отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған жандарға қалай және қандай көмек бар? Күйеуі үйден қуып шыққандар қайда барып паналайды? Олардың ертеңі не болмақ?

«Тықыр» еткен дыбыстан елең етеді

Ең әуелі «Көмек» оңалту орталығына бардық. Мұнда отбасында зорлық-зомбылық көргендер паналайды. Орталық ішінде тіршілік қайнап жатыр. Кішкентай балақайлар бір үйдің балалары сияқты тату: доп теуіп, бір-бірін қуалап, ойнап жүр. Қыз-келіншектердің бірі тоқыма тоқып, бірі іс тігіп әлек. Арасында әңгіме айтып, күліп қояды. Бірақ, жүректерінің түбіндегі ауыр жүктің зілі сезіледі. Көңілдерін мұң шалған. Кейбірінің бет жүзіндегі соққыдан көгерген дақ әлі кете қоймаған, күлгін тартып тұр. Бөтен адамды көрсе, «тықыр» еткен дыбысты естісе, кейбірі орнынан атып тұрады. Әбден қорқып қалғаны байқалады.
Отырғандардың алдына барып, қорқыныштарын, зорлық көрсеткен «жақындарының» аяусыздықтарын есіне түсіруге қорықтым, бірақ тәуекелге бел будым. Бардым да. Таныстым.

Әкесі өз қызын зорлауға әрекеттенді

Гүлнұрдың (есімі өзгертілген – ред.) бұл орталыққа 6 баласымен келгеніне екі айдың жүзі болыпты. Күйеуінің таяғына 13 жыл шыдаған ол әлі де шыдап жүре берер ме еді, бірақ айтуға ауыз бармайтын оқиға өмірін күрт өзгертті.

Гүлнұр:
– Шілде айы еді. Әдеттегідей күйеуім ішіп келді. «Өнерін» көрсете бастады. «Қой» дегенімше арты ұрыс-жанжалға ұласты. Үйде бірге болсақ топалаңның бітпейтінін түсініп, үш көше ары тұратын туысқан әпкемнің үйіне кетіп қалдым. «Таңертең ашуы басылған соң келемін» деп ойладым. Балаларыма далаға тапшанда төсек салып, жатқыздым. Тек үлкен қызым: «Анашым, «Пәленшиевтер отбасы» деген жаңа кино шығыпты, соны кішкене көре тұрсам бола ма?» деп рұқсат сұраған еді. Теледидардың алдында көп отырмауын тапсырып, кетіп қалдым.

Балаларын мас әкенің қолына қалдырып кеткен Гүлнұрдың жаны жай таппайды. Екі сағаттан соң шыдай алмай үйіне, балапандарының жанына келеді. Тапшанда 5 баласы ғана бар, қызы жоқ. «Мүмкін теледидар көріп отырған шығар» деп үйге кірсе, көк жәшік сөндірулі. Бірақ басқа бөлмеде жарық жанып тұр екен. Сол жаққа қарай беттегенде…
Әңгіменің осы тұсына жеткенде Гүлнұр көз жасына ерік беріп, сөйлеуге қиналып қалды. «Әрмен қарай не болды» деген ой мені мазалады. Бір кезде Гүлнұр өзіне келіп, әңгімесін жалғастырды.
– Келесі бөлмеге кіріп қалсам, күйеуім тыр жалаңаш шешініп алыпты, қызым бір бұрышта, әкесіне қарай алмай, бүрісіп, дірілдеп отыр екен. Шошып кеттім. Әкесі өзінің кіп-кішкентай қызын зорламақ болыпты. Мені көрді де күйеуім сыртқа қашып кетті. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Қатты уайымдағаннан біраз уақыт есімді білмей отырып қалыппын. Кейін енемді, күйеуімнің бауырларын шақырып, жағдайды түсіндірдім. Жолдасым қашып кетті. Іздеу жарияладық, полиция қызметкерлері 1 айдан соң тапты. Осы аралықта қызыммен жақсы психологтар жұмыс істеді,-деді Гүлнұр.
Қызы туралы айтқанда ардақты ананың көзі жасқа толады. Қызының болашағынан қорқады. Өйткені 11 жасар қызы қатты қорқып, тұйық болып қалған. Ер адамдарды көрсе айналып өтеді.

«Мені өлтіре алмады, басқаның барлығын жасады»

–Негізі алтыншы баламды туғанша жақсы өмір сүрдік. Өз үйіміз бар еді. Арасында ғана тойда ішіп алғанда қол көтеретін. Бірақ шу шығармай ұйықтап қалатын. Кейін араға 12 жыл салып күйеуім күрт өзгерді. Күнде ішіп келіп, балаларыммен қосып төбелейді. Аяғымды шынымен кесетін. Қолымды шығарды. Тісімді сындырды. Басымды жарды. Былайша айтқанда мені тек өлтірмеді, басқасының барлығын көрсетті. Оның күнде ішімдік «құшақтап» жүргенін көрген енем «сендерден қайыр жоқ» деп үйден пәтерге шығарып жіберді. Өйткені үй сол кісінікі еді. Үйді Қарағандыдан тұрмыстан қайтып келген қызына берді. Мен шыдадым. 6 баламмен кімге керекпін? Қайда барамын? Осы жасымда ата-анамның, туған-туыстың бетіне қалай қараймын? Әлі де шыдап жүре беретін едім, бірақ қызымның өмірін қауіпке тіге алмаймын ғой.

Қызын 6 рет зорлауға әрекеттенген «әке» 15 жылға сотталды

Гүлнұрдың шөлмек көрсе, шөл қысатын жолдасы сот үкімімен 15 жылға сотталады. Көпбалалы ана мойымай, өзі пәтер жалдады. Дәретхана жуып, пәтер тазалап, ыдыс жуушы да болып, ауыр жүк тасып, балаларының саулығы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды.
– Әр күні таң қылаң бере түн ортасы жеткенше қайда жұмыс бар, соның барлығын істедім. Балаларымның сабағы нашарлап кетті. Оларға күтуші жалдай алмаймын. Балабақшаға бере алмаймын. Сөйтіп жүргенде денсаулығым сыр беріп, ауруханаға түсуім жиіледі. Мен ғана жұмыс істеймін. Мен жұмыс істемесем, ақша жоқ. Пәтерақыны жинай алмай далада жататын едік. Ауруханадан шығып, жаңа пәтер іздеймін. Тағы жұмыс, тағы сырқат солай қайталана берді. 2 жылдың ішінде не көрмедім? Ауыл, аудан, қала, облыс әкімдігіне дейін бардым. «Көпбалалы анамын, жалғызбасты анамын, менің баспанаға кезегімді жылжытуды өтінемін» деп қағаз толтырдым. Жалындам. Еш нәтиже шықпады. Содан бір күні «Нұр Отанға» барғанымда осы орталыққа баруыма кеңес берді,-дейді Гүлнұр.

«Туыстарымды көріп қалудан қорқамын»

Орталыққа келгеннен кейін оның балаларын жақын жердегі мектепке берген. Өзі де орталыққа жақын маңдағы тойханалардың біріне ыдыс жуушы болып жұмысқа орналасады. Көйлегі бүтін, тамағы тоқ. Ең бастысы, балаларымен қауіпсіз жерде, тәжірибелі мамандардың жіті бақылауында. Бірақ бойын жаулап алған сол бір қорқыныш еңсесін еш көтертпейді.
– Ешқандай жұмыстан қорықпаймын. Қазір күнде жұмысқа шығып, ақша жинап жатырмын. Баратын туыстар жоқ емес, көп. «Қыз бала деген өзге елдің адамы» деген рас екен, әпке-сіңлілерім жан-жақта тұрмысқа шығып кеткен. Күні кеше бір ағама барғанымда «Отбасыңда осындай жағдай болғанына өзің кінәлісің, өзіңе сол керек» деп қуып шықты. Көшеде таныстарымды көріп қалудан қорқамын,-дейді Гүлнұр.

«Ойланып барып, тұрмыс құру керек»

Тағдырдың тауқыметімен орталықта тұрып жатқан Гүлнұрдың жас қыздарға айтары бар.
– Мені 20 жасымда алып қашты. «Тағдырым» деп көндім. Бірақ қазір заман басқа. Сондықтан жігітті біліп, танып кейін тұрмысқа шығыңыздар. Мысалы күйеуімнің дәл сондай баппен бұрын да сотты болғанын 13 жылдан соң сотта білдім. Өзімнің өмірлік тәжірибем көрсеткендей, қол көтеріп, әйелін азаптайтын еркектер өзгермейді. Бес саусақ бірдей емес. Бастысы бір жастыққа бас қоятын адамыңызды жақсы танып, кейін ғана отау құрыңыздар, қыздар,-деді Гүлнұр.

«Аллаға жақын адамдар да әйел-баласын төбелейді»

Бұл бір тағдыр. Орталықты отбасының зорлық-зомбылығынан паналап келген қаншама әйел жүр. «Көмек» оңалту орталығы 2016 жылы пилоттық жоба ретінде ашылған. Қазір тұрақты жұмыс істеп келеді. Басшысы Малика Жүсіпованың сөзінше, өткен қарашада орталыққа 205 әйел келген.

Малика Жүсіпова, «Көмек» оңалту орталығының басшысы:
– Нақты бір санға тоқтай алмаймыз, өйткені әрқашан қозғалыс, өзгеріс болып тұрады. Бірақ сараптау жұмыстары көрсеткендей, бізге келіп түсетін қыз-келіншектердің 60 пайызының әлеуметтік жағдайы төмен. Күйеулері жұмыс істемейді, маскүнем, өздері пәтер жалдап тұрады. Ал 10 пайзының отбасындағы жағдайы жап-жақсы, күйеулері жақсы ақша табады. Мемлекеттік қызметте еңбек етеді. Әйелдері де әдемі киінеді. Сырттан қарап, бақытты отбасы деуге болады, бірақ өз мәселелері бар. Олардың күйеулері наша шегеді. Наша пайдаланғаннан кейін агрессияға беріліп, әйелдерін ұрады. Үйден тыныштық кетеді, әйелдері осы орталыққа қашып келуге мәжбүр. Туыстарына, достарына баруға ұялады, бетіндегі көгергені кеткеннен соң үйіне оралады. Ал қалған 10 пайызының күйеулері дінге беріліп кеткен. Үйіндегі баласы немесе әйелі намаз оқымаса, жақпайтын қылық жасап қалса, жуан жұдырыған ала жүгіреді. Аллаға жақын болса да осындай әрекетке барады. Қалғаны басқа да себептермен түскендер, соның ішінде қыздарын өз әкелері, туысқандары зорлаған оқиғалардың құрбандары да бар.
Қыз-келіншектерден бөлек, ересек ұлынан таяқ жеген аналар, келіні де өзі де соққыға жығылған апалар келеді екен.
– Ақ жаулықты апаларымыз да келді. Бірақ келіндерін әкеледі де, өздері қалмайды. «Мен кемпір басыммен қалай қалам?» деп намыстанады,-дейді Малика Жүсіпова.

Орталық ұсынатын мүмкіндіктер

Орталық басшысының сөзінше мұнда келгендерге ең алдымен психологиялық көмек көрсетіледі, одан кейін әлеуметтік көмек, яғни олар үйден қашып шыққанда бір киіммен ғана кетіп қалады, кейде мүлдем жұқа киініп келеді екен, міне сол кезде таза, жаңа киім береді. Төсек-орын, тамақ – барлығы тегін. «Іс тігіп, шаш қиып үйренемін» деушілерге тегін оқыту курстары да бар.
– Біздің қазіргі бір бағытымыз әйелдеріне зорлық көрсеткен ер азаматтармен де жұмыс істейміз. Міне, сонда кейбіріне наркологиялық, психологиялық емделуден өтпесе адам болып кететініне сену қиын. Орталық 64 адамға шақталған. 12 негізгі қызметкер және 6 қосымша жұмысшы еңбек етеді. Орын тапшылығы сезілуде,-дейді Малика Жүсіпова.
Орталыққа келген әйелдер мұнда 6 айға дейін тұра алады. Осы уақыт аралығында мамандар жәбірленушінің аяққа тік тұрып, өз-өзін жұмыспен де, жалақымен де қамтамасыз ететін дәрежеге жетуіне ықпал етеді.

«Таяқ жеген ұят емес, ұрып-соғу, жәбірлеу — ұят»

Жуырда ғана Отбасындағы зорлық-зомбылықтың санын азайту мақсатында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» Республикалық аккциясы өтті.

Гульчехра Моминова, Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры:
– Бұл акцияны жыл сайын ұйымдастырамыз. Қаламызда зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Ауыл, аудандарға қарағанда қалада көп. Неге? Өйткені қалада барлығы қозғалыста. Әрі-бері ақша табу мақсатында тек жұмыс-жұмыс, агрессия пайда болады, одан ұрыс болдады. Одан қалса ауылдағы жас отбасылар қалаға көшіп келеді де, пәтер жалдап тұрады, бір күн жұмыс бар, бір күн жоқ. Сонымен тағы ұрыс-жанжал. Күйеулері ішіп кетеді. Қазақ қыздарын «сол үйіңде, балдай батып, судай сің, ұят болады» деп өсірген, сол үшін күйеуінің үстінен арызданып, оны қаматуға ұялады. Арыз жазса да бір күннен кейін, «мен ойландым, жаман болса да күйеуім ғой, балаларымның әкесі» деп кешірім беріп арызын кері қайтарып алады. Кейін біз әрекет ете алмай қаламыз. Әйелдер мынаны түсіну керек: таяқ жеген ұят емес, ұрып-соғу, жәбірлеу ұят.
Инспектор акция аяқталғанымен жұмыс тоқтамайтынына уәде етті. Сондықтан отбасында зорлық-зомбылық орын алған жағдайда сенім телефондарына хабарласуды сұранады.

Мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешілуі тиіс

«Ұят боладының» кесірі өзіне барып тиеді» деп есептейді психолог Мәди Төлегенов. Өйткені кезінде ата-бабамыздың «судай сіңіп, балдай бат» деп айтуының себептері болған.
– Кезінде ата-бабаларымызда соғыс көп болды. Көшіп жүрді, тіпті, ашаршылық болып, тамақ таба алмайтын кездері де өтті. Міне, сонда қыздың ата-анасы қызын балаларымен тентіреп кетпесі үшін, балаларының саулығы үшін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуды үйреткен. Не болса да, ері жанында болса қорғайды деп сенген. Қазір заман басқа, өзгерді. Ешқандай адам өмірге қор болу үшін, біреуден жәбір көру үшін келмейді. Бірақ мәселенің шығуына екі жақтың да бірдей үлесі бар. Иә, әйел кісі төзімді болуы керек. Себебі ер адам түзде ақша табу барысында түрлі қиындықтарға кезігеді, жолы болмауы мүмкін, сол кезде өзінің қожалығына келген адам жылулық іздейді, қолдау қалайды. Әйел соны бере білуі қажет. Тағы бір жайт, отбасында зорлық-зомбылық орын алғанда бірден полицияға емес, психологтың көмегіне жүгінген жөн. Мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешілуі тиіс. Өйткені, жәбірленушіні абақтығы қамайды, сосын жібереді, ал әйел одан ажырасқан жоқ. Екеуі де ұрыстың түпкі себебін түсінбейді. Ал оны білу үшін психологпен сөйлесу қажет. Бір айтатыным – сезім, сыйластық жоқ жерде бақыт болмайды. Сол қасиетті сезінбеген адам қатігез болады. Ең сорақысы, сондай ұрыс-жанжалды көріп өскен балалар ертең өз ұясында соны қайталауы мүмкін. Сондықтан, болашақ балаларды да ойлау керек.

ТҮЙІН: Мамандар отбасындағы зорлық-зомбылыққа немқұрайлықпен қарамауға шақырады. Есте ұстар бір нәрсе: Тереңге кететін себептерімен күреспей, көз жасын сығып, «қайтем енді, тағдырдың жазуы» деп жүре беретін сормаңдай әйелдер өз мұңын ашық айтпағанша қайғылы оқиғалар азаймайды!

2017 жылы Шымкент қаласында отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғасына қатысты
359 дерек,
2 кісі өлімі,

ал биыл
538 дерек,
1 адам өлімі тіркеліпті.

ГАЗЕТ АНЫҚТАМАСЫ

Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының тел: 33-88-46,

Абай АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы: 87783709518

Еңбекші АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы: 87027728050

Қаратау АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы: 87751547789

«Көмек» оңалту орталығының тел: 35-75-39

Әлия ӘДІЛБЕК

«Оңтүстік Рабат» газеті, №50 (12 желтоқсан, 2018 жыл)

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті