«Ұлттық киімнің қадірі» фестивалі өтті

836

Шымкентте 200-ден астам ұлттық киім ел назарына ұсынылды. Әдет-ғұрып және Салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен фестиваль «Ұлттық киімнің қадірі» деп аталды. Ата-бабамыздан қалған мирасты насихаттап жатқандардың дені жастар.

Арнаулы, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттерінің еңбегі еленбей қалмады. Ел көзайымына айналған туындылар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Негізі қоңырқай түстен құралған бұл киім үлгілерін 5 курс студенті Жадыра Мырзатай үйлестірген. Дизайн әлеміне енді аяқ басқан ол қазірдің өзінде бірқатар бәйгелерге қатысып үлгеріпті. Арысы Ташкент, берісі Астана мен Алматыда киімдерін көрсеткен. Халықаралық бәсекелерден жүлделі болып жүрген оның бүгінгі коллекциясы дипломдық жұмысы.

Жадыра Мырзатай, фестивалға қатысушы: «Бұл коллекцияға бабаларымыздың өмір сүру салтынан шабыт алдым. Көйлектеріме келетін болсақ, түстерінің өзі таудың, тастың, сол кездегі қоңырқай өмір сүру көріністерін көрсетеді».

«Ұлттық киімнің қадіріне» жетуді көздеген фестивальге биыл 10-нан астам жас дизайнер қатысып отыр. Басым бөлігі өнер әлеміне бойлауды көздеген студенттер. Олар көпшіліктің алдына 4 үлгі бойынша дайындалып келген. Атап айтсақ, қыз ұзату, жас жұбайлар, заманауи және жасөспірімдер стилі.

Райхан Алтыбаева, ұйымдастырушы: «Бүгінгі шарамыз “Ұлттық киімнің қадірі» деп аталады. Өз деңгейінде өтіп жатыр. Бұл шарамыздың басты мақсаты — отандық өнімдерді насихаттау. Жалпы жоғары оқу орындары колледж студенттерінің өз қолдарынан тіккен ұлттық киімдері. Қыз ұзату, жас жұбайлар, заманауи кімдер мен жасөспірімдер киім үлгілерімен ортада өнер көрсетіп жатыр».

Үлкен кішіні жинаған көрме бір-ақ күнге жалғасты. Ал, көрермен және қазылар көзайымына ие болған топтама иесі қаржылай сыйлыққа ие болды.

Назерке Үкібасова