Алматыда қазақша күрестен өткен «Әлем барысы» әлем чемпионатында өткен жылғы чемпион шығыс қазақстандық Айбек Нұғымаров жеңді, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Финалда Нұғымаров Түркістан облысынан қатысқан Ерсұлтан Мұзаппаровтан басым түсті. Екі спортшының салмағында жер мен көктей айырмашылық болды. Нұғымаров турнирге бір күн қалғанда 140 келіні көрсеткен, ал қарсыласы – 90 келі.
Осылайша, Нұғымаров «Әлем барысы» чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Турнирдің алтын белдігінен бөлек ол 10 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Мұзаппаровқа алты миллион теңге бұйырды.
Қола медаль иесі – ресейлік Роман Бобиков. Ол күреспей-ақ үш миллион теңге көлемінде гонорар алды, себебі грузин Гурам Тушишвили жарысқа қатысудан бас тартқан.