100-ден астам тұрғынның улануына себеп болған балмұздақ ісіне нүкте қойылды

301

100-ден астам тұрғынның улануына себеп болған балмұздақ ісіне нүкте қойылды. Бүгін Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық соты кәсіпкерге қатысты үкім шығарды. Тиісті талаптарды сақтамаған бизнес өкілінің 1 жылға бас бостандығы шектелді.

Жаппай улануға себепкер болған үш қызметкерінен арнайы медициналық кітапша талап етпеген кәсіпкер 3 жылға дейін қоғамдық тамақтану бағытында кәсіпкерлікпен айналыса алмайтын болды.

Онымен қоса, сот үкімімен балмұздақтан уланғандарға бас-аяғы 1 жарым млн. теңгенің моральдық шығынын төлейді. Кәсіпкердің бұрын сотты болмағаны, балаларының кәмелет жасына толмағаны ескеріліп, 1 жылға бас бостандығынан шектелді.

Талғат Қаһаров, Әл Фараби аудандық сотының судьясы: «Қылмыстық кодекстің 304 бабы бірінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сауда нүктесінің иесі Е. бәрін мойындады, өкінетінін жеткізді. Тексеру кезінде 100 – ден астам зардап шегуші анықталды. Оның 80 пайызының талабы болған жоқ».

Айта кетейік, Шымкентте болған наурыз айындағы балмұздақ оқиғасы елді дүр сілкіндірген-ді. Бал дәмі өңештен өтіп, асқазанға у болып жеткен балмұздақтан 200-ге жуық адам уланған-ды. Олардың сараптама қорытындысынан өткір ішек инфекциялары табылды. Бұл аз дегендей, 27-сінің анализінен сальмонеллез жұқпалы ауруы анықталған болатын.

Сот өкілдері сараптау кезінде уланғандардың барлығының да жемістен жасалған балмұздақ жегені анықталған деп отыр. Сот осыған дейін арызданбаған өзге де уланған клиенттердің шығынын өтеу туралы өтініштердің қаралатынын жеткізді.

Мақпал Рысбаева