2018 жыл Оңтүстік өңірінің халқы үшін жаңашылдыққа толы болды. Маусымның 4-і күні Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосу, облыс орталығын Түркістанға көшіру туралы шешімдер қабылданды. Облыстық мәслихаттан қолдау тапқан аталған екі ұсыныс та Президенттің қарауына жолданған болатын.
19 маусымда Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысын Түрістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Елдің еңсесін көтерген маңызды шешімді жүзеге асыру мақсатында облыс әкімшілігін көшіру үшін жеделдетілген жұмыстар атқарылды. Алдымен басқармаларды жайғастырған әкім, тамызда көшті өзі бастады.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған көштің құрамында аппарат қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен мамандарын шығарып салғандар, еліміздің рухани астанасы қасиетті мекеннің туын асқақтатуға аттанғандарға батасын берді.
Көштен кейін, жаңа облыс орталығын дамыту концепциясы жасалды. Елбасының тапсырмасына орай 30 жоба бекітіліп, Түркістанда салынатын нысандардың тізімі жасалды. Оның 16-сы өңірлердің қатысуымен іске асырылса, қалғаны ұлттық компаниялар мен демеушілердің есебінен салынады.
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Түркі дүниесінің орталығы, Қ.А. Ясауи музейі, Ұлы дала елі мұражайы, қазақ халқының ұлы тұлғалары хандар мен билер орталығы осылардың барлығы осында салынады. Сонда келген зияратшылар тек қана кесене жайлы емес, Түркістан жайлы, Түркі дүниесі жайлы жан-жақты мәлімет алатын болады. Түрлі қолөнер шеберханалары, қонақүйлер, кафе, мейрамханалар салынғанда, осы жер арбат сияқты жаяу жүргіншілер қыдырып жүретін жер болады. Үшіншісі — әкімшілік-іскерлік орталығы. Қазір мұнда да құрылыс жұмыстары басталды».
Концепция бекітілгеннен кейін нысандардың іргетасы қалана бастады. Бірінші болып, облыс орталығының әкімшілік аумағында салынатын нысандардың капсуласы құйылды. Оған Елбасының өзі қатысып, Түркістан облысы тұрғындарын арнайы құттықтады. Тарихи сәтте қолдау білдіріп, түсіністік танытқан халықты, өңірдің дамуына үлес қосуға шақырды».
Киелі Түркістанның жаңа сипатта түлеуіне еліміздің барлық аймақтары үлес қосады. Атап айтсақ, Алматы — «Жастар сарайын» тұрғызбақ. Ал, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын салуға ниет білдірді.
Атырау облысы болса, ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың құрылысын жүргізетін болады. Шығысқазақстандықтар әуенді су бұрқақ салуды көздеп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін салып беруге уәде етті.
Жамбыл облысын басқарып отырған Түркістан облысының тумасы Асқар Мырзахметов, «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи визит орталығын тұрғызатыны айтты. Батыс Қазақстан облысы болса, тарихи-киелі орындардың орталығының қабырғасын қалайтын көрінеді.
Қостанай-Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда-Шығыс моншасын, Маңғыстау-амфитеатр ғимаратын салады. Түркістанда еліміздегі үш мегаполис те өз қолтаңбаларын қалдырады.
Елорда -«Астана» саябағын, Алматы-Медиа орталық, Шымкент- облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана құрылысын бастайды деп күтілуде. Яғни, алдағы екі-үш жылда облыс орталығы адам танымастай жаңа кейіпке енеді деген сөз.
Шынар Оразова